Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті·Жаңалықтар мұрағаты
1 / 20
2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тағы бір тарихи оқиға орын алды. Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды. Қазақстанның жабайы табиғатында 70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыстар кездеспеген еді. Енді табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытында жүргізілген көпжылдық жұмыстың нәтижесінде бұл жыртқыштар өздерінің тарихи мекеніне біртіндеп қайта оралуда. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, сондай-ақ «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, мамандар мен адам және жолбарыс арасындағы қақтығыстардың алдын алу тобының мүшелері қатысты.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров атап өтті: «Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық. Бұл тарихи оқиға – ұзақ жылдар бойы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы орайда бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен тікелей қатысқаны үшін Ресей тарапына, әсіресе «Амур жолбарысы» орталығы мен оның мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстанның табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына қажетті жағдай жасауға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерімізге ризашылығымды жеткіземін. Біздің басты мақсатымыз – осы жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру».
Амур табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур «Іле-Балқаш» резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауында болды. Осы уақыт аралығында мамандар оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстады. Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады. Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев атап өтті: «Әрбір жолбарысты табиғатқа жіберу – үлкен жауапкершілік. Біз ең алдымен жануардың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аңшылық қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды. Біз олардың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін тұрақты бақылауды жалғастырамыз». Бұған дейін табиғи ортаға жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс резерват аумағын біртіндеп игеріп келеді. Ол өздігінен аң аулайды, ал оның қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады. Мамандардың мәліметінше, Үміттің жабайы табиғатқа бейімделуі сәтті өтуде. Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін әрқайсысын табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады.
Қазақстанға жолбарыстарды қайтаруға қалай дайындалды? Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің аңғары ертеде Тұран жолбарысының табиғи мекені болған.
Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың азаюы, жабайы тұяқты жануарлар санының кемуі және браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан толық жойылды. Жолбарыстарды қайта жерсіндіру үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, оның аумағында табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру, қоректік қорды молайту және қажетті табиғат қорғау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды. Бұл бағытта жабайы тұяқты жануарлардың санын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Резерват аумағына Бұқар бұғылары мен құландар қоныс аударылып, жолбарыстардың негізгі қорегі саналатын басқа да жануарлар түрлерін сақтау шаралары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Іле-Балқаш» резерватына 30 құлан қоныс аударылды. Қоректік қор мен табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру бағдарламаның келесі кезеңіне, яғни жыртқыштардың өзін табиғатқа қайтаруға негіз қалады. Бұл жұмыс мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастық пен халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктірді.
Халықаралық ынтымақтастық және жобаны қолдау Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы Қазақстан мен Ресей Федерациясының ынтымақтастығы аясында, халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен жүзеге асырылуда. 2026 жылғы мамырда Ресей тарапының қолдауымен Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ауланған төрт Амур жолбарысы Қазақстанға жеткізілді. Олардың екеуі ересек жолбарыс, екеуі жолбарыс күшігі. Жануарлар «Іле-Балқаш» резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауларына орналастырылды. Жобаға Freedom Holding Corp. халықаралық холдингі мен Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры да елеулі қолдау көрсетуде. Қор қаражаты қазақстандық мамандарды Ресейде оқытуға, резерваттағы бейімдеу қоршауларын қосымша жабдықтауға және жолбарыстарды тасымалдауды ұйымдастыруға бағытталды. Жануарларды дайындау және Қазақстанға беру ісінде Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі мен «Амур жолбарысы» орталығы маңызды рөл атқарды. Ресейлік мамандар жануарларды дайындауға, тәжірибе алмасуға және олардың Қазақстанның табиғи жағдайына бейімделуі бойынша ұсынымдар әзірлеуге қатысты.
«Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев атап өтті: «Қазақстан мен Ресейдің жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясындағы ынтымақтастығы сирек кездесетін осы түрді сақтау үшін ерекше маңызға ие. Жануарларды Қазақстанға беру ортақ бастаманы жүзеге асырудағы маңызды практикалық қадам болды. Біз бұл жұмысты табиғи мұраны сақтау және жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру жолында екі елдің бірлесіп әрекет етуінің үлгісі ретінде қарастырамыз».
Бағдарламаны дайындауға Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF) да елеулі үлес қосты. Қор көптеген жылдар бойы Қазақстанға Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи экожүйелерін қалпына келтіру бағытында қолдау көрсетіп келеді. WWF қатысуымен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, қоректік қорды сақтау, жабайы тұяқты жануарларды қайта жерсіндіру және резерват инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен WWF International жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде меморандумға қол қойды. Осылайша, Амурдың табиғатқа жіберілуі тек жануардың өзін дайындаудың ғана емес, сонымен қатар табиғи ортаны қалпына келтіру, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру және серіктестердің күш-жігерін біріктіру бағытында жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі болды.
Адамдардың қауіпсіздігі мен жануарларды қорғау Жолбарыстарды табиғи мекендеу ортасына қайтарумен қатар, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адам мен жыртқыш арасында туындауы мүмкін қақтығыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта арнайы қақтығыстардың алдын алу тобы құрылды. Оның мамандары жануарлардың қозғалысын бақылайды, жергілікті тұрғындармен тұрақты байланыс орнатады және төтенше жағдайлардан тыс туындайтын күтпеген оқиғаларға жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Қанат Қожабеков атап өтті: «Жолбарыстарды табиғатқа қайтару тек оларды еркіндікке жіберумен аяқталмайды. Бұл – резерват қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен үлкен жауапкершілігін талап ететін жұмыс. Біз жануарлардың қозғалысын бақылап, мінез-құлқын зерттеуді, аумақтың қорғалуын қамтамасыз етуді және жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біз үшін жолбарыстардың табиғи ортаға сәтті бейімделуімен қатар, адамдардың қауіпсіздігі де аса маңызды».
Қазақстан табиғаты тарихындағы жаңа кезең Жолбарыстарды қайтару Қазақстан аумағынан жойылып кеткен жыртқышты қайта жерсіндіру үшін ғана емес, Оңтүстік Балқаш өңірінің тұтас экожүйесін сақтау үшін де маңызды. Жолбарыс қоректік тізбектің жоғарғы сатысында орналасқан жыртқыш ретінде табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады. Амурдың табиғатқа жіберілуі жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасын жүзеге асырудағы кезекті маңызды қадам болды. Алдағы уақытта жануарлардың қозғалысын бақылау, олардың қоректік қорын сақтау, табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру және бағдарламаның келесі кезеңдеріне дайындық жұмыстары жалғасады. Көпжылдық бағдарламаның басты мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи ортада өздігінен көбейіп, тұрақты тіршілік ете алатын жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.
Анықтама үшін Тұран жолбарысы ертеде Орталық Азияның тоғайлы ормандары мен өзен жайылмаларын, соның ішінде Іле өзенінің алабын, Оңтүстік Балқаш өңірін және Сырдария бойын мекендеген. ХХ ғасырдың ортасында табиғи мекендеу ортасының жойылуы, қоректік қордың азаюы және браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан толық жойылды. Қазіргі молекулалық-генетикалық зерттеулер Тұран және Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын туыстас екенін растады. Сондықтан Орталық Азиядағы тарихи мекендеу аумағында жолбарыстар популяциясын қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы таңдалды. Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы ұзақ мерзімге есептелген. Ол табиғи экожүйелерді қалпына келтіруді, қоректік жануарлар санын арттыруды, жолбарыстарды кезең-кезеңімен табиғатқа жіберуді және тұрақты ғылыми мониторинг жүргізуді қамтиды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







