Отырар ауданының прокуратурасы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметіне талдау жүргізіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиесілі әлеуметтік көмектің толық төленбеу фактілерін анықтады.
Аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес І, ІІ және ІІІ топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар әрбір балаға ай сайын 4 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалған.
Алайда қадағалау органы жүргізген талдау нәтижесінде 2023–2025 жылдар аралығында 96 балаға белгіленген 4 АЕК-тің орнына 3 АЕК мөлшерінде қаржы төленгені анықталған. Салдарынан кәмелетке толмағандардың заңмен кепілдендірілген әлеуметтік құқықтары бұзылған.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысымен анықталған заң бұзушылықтар толық жойылып, 96 баланың заңды құқықтары қалпына келтірілді және төленбеген 9 миллион теңгеге жуық қаражат толық көлемде өтелді.
Әлеуметтік осал топтардың, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау — аудан прокуратурасының тұрақты бақылауында.
Түркістан облысының прокуратурасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







