Қарағандыда болашақ химиктер кәсіби шеберлігін заманауи зертханада шыңдап жүр

    Қарағандыда химик мамандығын меңгеріп жүрген студенттер теориялық білімін өндіріс орнында тәжірибемен ұштастырып жатыр. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «ALS Казгеохимия» кәсіпорнымен ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты. Енді болашақ мамандар заманауи зертханада жұмыс істеп, заттардың құрамын анықтау мен талдаудың озық әдістерін меңгеруде. Сонымен қатар еңбек жолында қажет болатын кәсіби дағдыларын қалыптастырып келеді.

    Қарағандыда болашақ химиктер кәсіби шеберлігін заманауи зертханада шыңдап жүр

    Дуальды оқыту жүйесінің басты ерекшелігі – теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік беруі. Студенттер спектрлік талдау әдістерін үйреніп, түрлі заттардың құрамын анықтауды, заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгеруде. Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, алынған нәтижелерді сараптайды.

    Қарағандыда болашақ химиктер кәсіби шеберлігін заманауи зертханада шыңдап жүр

    – Біз жас мамандарды даярлауға мүдделіміз. Кәсіпорнымыз 2018 жылы ашылған кезде мұнда небәрі 60 адам еңбек етті. Қазір ұжымымыз 250 қызметкерге дейін өсті. Олардың басым бөлігі – жастар, – деді «ALS Казгеохимия» ЖШС директоры Данияр Нұрымқанов.

    Қарағандыда болашақ химиктер кәсіби шеберлігін заманауи зертханада шыңдап жүр

    Зертхана мамандарының айтуынша, өндіріс жағдайында тәжірибе жинақтау студенттердің болашақ мамандығын тереңірек меңгеруіне және кәсіби ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.

    Қарағандыда болашақ химиктер кәсіби шеберлігін заманауи зертханада шыңдап жүр

    Студенттер де білім алудың бұл тәсілінің пайдасын сезініп отыр.

    – Жұмысты өз қолыңмен жасап көргенде, теориялық білімнің мәні тереңірек ашылады. Өз біліміңе деген сенімің артып, кәсіби дағдыларың қалыптасады. Бұл – болашақ еңбек жолымда кәдеге асатын құнды тәжірибе, – дейді студент Айдын Әтен.

    Оқу үлгерімі жоғары студенттерге үш айлық қысқы тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріледі. Тағылымдама қаңтар айында басталады.

    Университеттер мен кәсіпорын арасындағы мұндай әріптестік өңір өнеркәсібіне қажетті білікті кадрлар даярлауға негіз болады. Студенттер өндіріс тынысымен оқу кезінде-ақ танысып, болашақ кәсібінің қыр-сырын меңгереді. Ал кәсіпорындар өндірістің талаптары мен ерекшеліктерін білетін, жұмысқа бірден кірісуге даяр мамандарды тартуға мүмкіндік алады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары