Көкшетау қаласында ТЖМ волонтерлеріне арналған оқу бағдарламасы басталды. Оған үш волонтерлік клубтан 130 ерікті қатысуда. Оқытудың негізгі мақсаты – волонтерлердің төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет етуге дайындығын арттыру, сондай-ақ қауіп-қатерге тап болған адамдарға көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру.
Оқу сабақтары Көкшетау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы базасында ұйымдастырылды. Семинарды өткізуге ТЖБ, жедел-құтқару жасағы және Апаттар медицинасы орталығының мамандары тартылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар теориялық дайындықтан өтіп, шеберлік сабақтарына қатысуда. Әсіресе, жылдың әр мезгілінде, оның ішінде жазғы және қысқы кезеңдерде су айдындарындағы оқиғалар кезінде адамдарды құтқару қағидаларына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Апаттар медицинасы орталығының мамандары еріктілерге зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін үйретуде. Қатысушыларға штаттан тыс жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ кәсіби құтқарушылар мен медицина қызметкерлері келгенге дейін көмек көрсету алгоритмдері түсіндіріледі.
Оқыту практикалық сабақтармен жалғасады. Оның барысында волонтерлер алған білімдерін бекітіп, қажетті дағдыларды тәжірибе жүзінде пысықтайды.
Оқу бағдарламасын аяқтағаннан кейін оқудан сәтті өткен барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.









