Қарқаралыда дзюдодан республикалық турнир басталды
Қарқаралы қаласында 2011–2012 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Мәді Бәпіұлының рухына арналған дзюдодан VI республикандық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды спорттық шараға Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау облыстарынан, Астана, Қарағанды, Балқаш қалаларынан және түрлі аудандардан келген 200-ге жуық жас спортшы қатысуда.
Ашылу салтанатында ресми тұлғалар мен құрметті қонақтар қатысушыларды құттықтап, оларға тартысты бәсеке мен әділ жеңістер тіледі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің спортты дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Турнир барысында қыздар бір салмақ дәрежесінде сынға түссе, ұлдар сегіз салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтайды.
Жарыстың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың спорттық шеберлігін арттыру және өңіраралық спорттық байланыстарды нығайту. Сонымен қатар, турнир бұқаралық спортты дамытуға және жастардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған. Барлық спортшыларға татамиде сәттілік пен жарқын жетістіктер тілейміз!









