Жамбыл облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында бақылау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың тоғыз айында департаментке 1 688 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,9 пайызға көп деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде тұрғындарға жалпы сомасы 17 млн 125 мың 600 теңге қайтарылды.
Ең көп шағым интернет-саудаға қатысты
Түскен өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда саласына тиесілі. Есепті кезеңде бұл бағыт бойынша 512 шағым тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2,34 есе көп.
Сонымен қатар бөлшек саудаға қатысты 274, білім беру саласында 248, тұрмыстық қызмет көрсету бойынша 164 өтініш түскен. Медициналық қызмет көрсету саласында 39, туристік қызмет бойынша 29, қаржылық қызметтерге қатысты 22 шағым тіркелген.
165 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Тұтынушылардың өтініштері негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне 202 тексеру жүргізілді. Оның 160-ы сауда саласына, 42-сі тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытына қатысты.
Нәтижесінде 165 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 139-ы сауда саласындағы заң бұзушылықтар үшін, 26-сы тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын сақтамағаны үшін жауапқа тартылды.
Атап айтқанда, 100 кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырғаны үшін, 39 кәсіпкер сөредегі және кассадағы бағаның сәйкес келмеуіне байланысты жауапкершілікке тартылған.
Сауда саласында салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7 млн 363 мың 312 теңгені құрады. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 854 мың 188 теңге айыппұл салынды.
Азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілуде
Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында дүкендер мен сауда орындарына, сондай-ақ әлеуметтік желілерге аптасына екі рет мониторинг жүргізеді.
Заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс. Мониторинг барысында талаптардың бұзылуы анықталса, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң аясында шаралар қабылданады.
Бұдан бөлек, өңірлік комиссияның 28 отырысы өткізіліп, бірлескен жұмыс нәтижесінде баға өсімінің 76 фактісі анықталған.
Тұрғындардың құқықтық сауаттылығы арттырылуда
Департамент азаматтардың тұтынушылық құқықтары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді.
2026 жылдың тоғыз айында Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде 1 621 ақпараттық материал жарияланды. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 42, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында 18, өзге интернет-ресурстарда 2 материал жарық көрді.
Сонымен қатар 9 ашық есік күні, 9 қоғамдық қабылдау және БАҚ өкілдеріне арналған 3 брифинг ұйымдастырылды.
Департамент алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, сауда субъектілерінің заң талаптарын сақтауын бақылау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.





