Алматы қаласында дәрілік заттарды артық сатып алудың алдын алу нәтижесінде 15,8 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды. Жалпы республика бойынша медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмекке деген қажеттілігін қайта қарау арқылы 42,5 млрд теңгеден астам негізсіз шығынның алдын алу мүмкін болды.
Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы және сатып алу тәртібінің сақталуы мәселелері Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қатысуымен өткен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылғы тоғыз айдағы жұмыс қорытындысына арналған алқа отырысында айтылды.
Жиында медициналық ұйымдардың Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынуға тиіс дәрілік заттарды өз бетінше сатып алу жағдайларына ерекше назар аударылды. Осындай сатып алулардың заңдылығын тексеру үшін Фармация комитетіне Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп жұмыс жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар тегін дәрілік заттардың бөлшек сауда желісінде сатылуы мүмкін деген ақпаратты тексеру, олардың қозғалыс жолын анықтау және оған қатысы бар тұлғаларды белгілеу міндеті қойылды. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
«Медициналық ұйымдардың Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынуға тиіс препараттарды өз бетінше сатып алу фактілеріне де ерекше назар аударылды. Фармация комитетіне Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп, мұндай сатып алулардың заңдылығын тексеру тапсырылды. Сондай-ақ тегін дәрілік заттардың бөлшек сауда желісінде сатылу фактілерін тексеріп, олардың қозғалыс тізбегін және оған қатысы бар тұлғаларды анықтау, ал заңбұзушылықтар расталған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдау қажет», – деді Денсаулық сақтау министрі алқа отырысында.
Медициналық ұйымдардың өтінімдерін нақтылау және сатып алынатын дәрі-дәрмек көлемін нақты қажеттілікке сәйкестендіру нәтижесінде қомақты қаражатты үнемдеуге мүмкіндік туды. Осылайша, республика бойынша 42,5 млрд теңгеден астам, оның ішінде Алматы қаласында 15,8 млрд теңге көлемінде артық сатып алудың алдын алу қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, Ақмарал Әлназарова ТМККК және МӘМС қаражатын пайдалану кезінде шығыстардың ашықтығын қамтамасыз ету, медициналық құжаттаманың дұрыстығын сақтау және қаржылық әрі клиникалық нәтижелер үшін медициналық ұйымдар басшыларының жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Фармация комитеті өз құзыреті шеңберінде дәрілік заттар айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау, пациенттердің құқықтарын қорғау және фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Басты мақсат – бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және халықтың сапалы, қауіпсіз әрі қажетті дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету.








