1 / 4
Ақтөбе облысында ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру, заманауи суару жүйелерін енгізу және суармалы егіншілікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Әбтиевтің мәліметінше, биыл облыстың басым бөлігінде вегетациялық кезең ауа райының қолайлы жағдайында өтті. Алайда Әйтеке би ауданында жауын-шашынның аз болуы және шілде-тамыз айларындағы аптап ыстық дәнді дақылдардың өнімділігіне әсер етті. Нәтижесінде гектарына 8,3 центнерден өнім жиналды. Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы тұрақты суармалы жерлердің жалпы көлемі 17,7 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі Қарғалы және Мәртөк аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласында орналасқан. Вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суға деген қажеттілігі өңірдегі су қоймалары мен негізгі өзендердің есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су қоры суару жұмыстарын жүргізуге жеткілікті болған. Қарғалы су қоймасындағы су көлемі 98,9 млн текше метр, Ақтөбе су қоймасында 98,4 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 3,2 млн текше метрді құрады. Сонымен қатар суару үшін Елек, Қарғалы, Жем, Қобда, Ойыл, Ырғыз, Ор және Темір өзендерінің су ресурстары пайдаланылды. Суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалануға және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мұндай технологиялар 12,3 мың гектар алқапта қолданылады. Оның 11,8 мың гектарына заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізілсе, 0,5 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы пайдаланылады. Сондай-ақ шаруашылықтарда автоматтандырылған «ақылды суару» жүйелері мен жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылады.









