2026 жылғы 29 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының отырысында жекелеген ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды.
Жүргізілген аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша аудитпен анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 70 738,5 мың. теңгені құрады. Оның ішінде қалпына келтіруге жататыны – 67 744,3 мың. теңге (95,8%), бюджет кірісіне өтелуге жататыны – 1 462,8 мың. теңге (2,0%), қаржыландыру жоспарында азайтуға жататыны – 1 284,5 мың. теңге (1,8%), бюджет кірісіне түсуге жататыны – 246,9 мың. теңге (0,4%). Бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану сомасы 8 998,2 мың. теңгені, тиімсіз жоспарлау сомасы 1 284,5 мың. теңгені құрады.
Мемлекеттік аудит барысында рәсімдерді орындау тәртібінің 89 бұзушылығы анықталды.
Аудит объектілері Қазақстан Республикасының заңнамасын көптеген рет бұзған. Бюджет заңнамасының, бухгалтерлік есеп жүргізу саласындағы заңнаманың, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілері анықталды.
Жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің 11 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қарау және әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 43 материал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, сондай-ақ жалдау төлемдерін уақтылы төлемеу фактісі бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін 8 материал «СҚО Уәлиханов ауданы әкімінің аппараты» КММ-не жолданды.
Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша елді мекендерді абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту саласындағы проблемалық мәселелер анықталды.
Негізгі проблемаларға көлік жолдарының қанағаттанарлықсыз жағдайы, көшелерді жарықтандырудың жеткіліксіздігі, орталықтандырылған сумен жабдықтаудағы іркілістер мен оның болмауы, сондай-ақ ғимараттар мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу қажеттілігі жатады. Анықталған проблемалар тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, жол желісінің тиісті жағдайын қамтамасыз ету және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.
Ауылдық округтердің әкімдеріне қаржылық тәртіпті нығайту, бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану кезіндегі жауапкершілікті арттыру жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды. Сондай-ақ кадр саясатын жетілдіру, анықталған бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзгерістер бойынша тұрақты негізде техникалық оқыту өткізу және жаңадан қабылданатын нормативтік құқықтық актілерді зерделеу тапсырылды.
Мемлекеттік аудит нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысымен аудиторлық қорытынды бекітіліп, анықталған бұзушылықтарды жою және оларды жасауға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар жолданды.






