Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау барысы талқыланды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді.
Өздеріңізге белгілі, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау – еліміздің болашағын айқындайтын құжат және стратегиялық даму жолының негізі саналады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі басымдықтарды айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, құрылыс, көлік-логистикасын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, бизнесті қолдау және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру бағыттары бойынша бірқатар маңызды міндеттерді белгіледі.
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, «Халықтық құрылыс» бастамасын көтерді. Осыған орай, қаламызда тұрғын үй құрылысын дамытуға, халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жұмыстарды жалғастыру және жаңа жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Бүгінде ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қаланың әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында, сондай-ақ барлық бағыт бойынша жалпы құны 114,4 млрд. теңгені құрайтын 104 жаңа жоба әзірленді,-деді Нұржан Сәбитұлы.
Алдағы жоспар айқын, мақсат пен межеге қол жеткізу үшін барлық қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Жиында шаһар басшысы жауапты сала жетекшілеріне Жолдаудың негізгі басымдықтарын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап, тұрғындардың ел дамуына, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қаланың тазалығы мен көркеюіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырды.









