Полиция қызметкерлері ауылдық елдімекендерді аралап, ғимараттардың, үйлердің қабырғаларына, дүңгіршектерге және өзге де нысандарға салынған заңсыз жазулар мен граффити суреттерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ауылдарды аралау барысында Ақжайық ауданына қарасты шағын ғана бір ауылдың өзінде дүңгіршектер мен тұрғын үйлердің қабырғаларына бояумен жазылған түрлі жазулар мен суреттер салынғаны анықталды. Бірі үйдің қасындағы дүңгіршекке түрлі суреттер салған, екінші тұрғын үйдің қабырғасына ойып тұрып жазу жазған, ал үшінші жағдайда үйдің терезесі орнына ағаш қағып, оған сырмен жазу жазған.
Полиция қызметкерлері үй иелерімен және ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық орындар мен жеке меншік нысандардың тазалығы мен сыртқы келбетін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Нәтижесінде үй иелері өздері жазулар мен суреттерді кетіріп, үстінен әктеп-сырлап, бүлінген тұстарды жаңартты.
Мұндай шаралар елді мекендердің көркін сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.









