Ақтөбелік ғалымдар радиацияны зерттейтін мобильді құрылғы әзірледі

    1 / 3

    Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары радиацияны жоғары жылдамдықпен тіркеп, оның материалдарға әсерін зерттеуге мүмкіндік беретін мобильді спектрлік кешен құрастырды. Салмағы небәрі үш келілік құрылғы бір спектрді шамамен бір минутта өлшейді. Бұрын мұндай жұмысқа 20–30 минут қажет болған.

    Әзірлеме университеттің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында жүргізілген көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде туындады. Жобаны физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, орталық директоры Қуанышбек Шүңкеев шәкірттерімен бірге жүзеге асырған. Ғалым ядролық физика саласындағы зерттеулермен 1980-жылдардан бері айналысып келеді.

    Жаңа құрылғы радиация әсерінен кристалдар шығаратын әлсіз жарық сигналдарын тіркеуге арналған. Осы сигналдарды талдау арқылы сәулеленудің деңгейі мен басқа да физикалық сипаттамаларын анықтап, материалдардың радиация әсерінен қалай өзгеретінін зерттеуге болады.

    «Бұған дейін зерттеулерде көлемді, бір орында пайдаланылатын жабдық қолданылды. Жаңа құрылғының салмағы небәрі үш келі. Ол бір спектрді шамамен бір минутта өлшейді. Ал бұрынғы аппаратқа осы жұмыс үшін 20–30 минут қажет болатын. Бұл әсіресе қысқа уақыт ішінде жоғалып кетуі мүмкін әлсіз сигналдарды тіркеу кезінде маңызды», – деді Қуанышбек Шүңкеев.

    Құрылғыны құрастыру кезінде бұрынғы аппараттың негізгі компоненттері заманауи өлшеу жүйесіне бейімделген. Қажетті бөлшектер Беларусь пен Жапониядан жеткізілген. Әзірлеме Астана қаласындағы Ядролық физика институтының ДЦ-60 үдеткішінде сынақтан өткізілді. Сонымен қатар ғалымдар Германияның Гамбург қаласындағы зертханада тәжірибе жүргізген.

    Зерттеуде қолданылатын кристалдар сцинтилляторлар қызметін атқарады. Олар гамма және рентген сәулелерін, сондай-ақ иондаушы бөлшектерді тіркеп, сәулелену әсерінен қысқа мерзімді жарық жарқылын шығарады. Осы құбылысты өлшеу арқылы радиацияның сипаттамаларын анықтауға болады.

    Мобильді кешенді зертханадан тыс жерде де пайдалануға болады. Қазір ғалымдар оның көмегімен Ақтөбеде өндірілетін рентген аппаратына қатысты тәжірибелер жүргізіп, құрылғының мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Сондай-ақ Күн спектрін өлшеу және сәулеленудің материалдардың физикалық қасиеттеріне әсерін зерделеу бағыттары қарастырылуда.

    Ғалымдардың пікірінше, әзірлеме болашақта радиациялық датчиктерді, сәулелену деңгейін өлшейтін құралдарды және радиацияға төзімді материалдарды жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе атом электр станцияларын салып жатқан елдер үшін өзекті. Жобаны халықаралық ғылыми зерттеулерде пайдалану және шетелдік ғылыми ұйымдарға ұсыну мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары