Ақтөбе облысында төрт жолақты “Ақтөбе - Қарабұтақ - Ұлғайсын” автожолының 28 шақырымы пайдалануға берілді

    1 / 5

    Ақтөбе облысында халықаралық маңызы бар «Самара – Шымкент» көлік дәлізінің 28 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұрын екі жолақты болған жол енді төрт жолаққа кеңейтіліп, қарама-қарсы бағыттағы көлік ағындары бір-бірінен бөлінді.

    «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының 791–819 шақырым аралығындағы жаңартылған бөлігінің ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, мердігер ұйымдар мен жол саласының өкілдері қатысты.

    Қайта жаңғырту нәтижесінде жол I техникалық санатқа ауыстырылды. Енді көліктер әр бағытта екі жолақпен қозғалады. Қарама-қарсы бағыттағы көлік ағындарының бөлінуі бетпе-бет соқтығысу қаупін азайтып, жеңіл және жүк көліктерінің қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді.

    «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, жобаның басты мақсаты – жолақ санын көбейту ғана емес, ең алдымен жол қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау.

    «Біз үшін ең маңыздысы – қанша шақырым жол салғанымыз емес, сол жолдың халық үшін қаншалықты қауіпсіз әрі қолайлы болғаны. Былтыр осы бағыттағы алғашқы екі жолақпен қозғалысты ашқан едік. Бүгін төрт жолақтың барлығы пайдалануға беріліп отыр. Қарама-қарсы бағыттағы көліктер енді бөлек жүреді. Бұл күн сайын жеңіл және ауыр жүк көліктері қатынайтын халықаралық жол үшін аса маңызды. Алда осы бағыттағы қалған бөліктерді жаңғырту міндеті тұр. Біздің мақсатымыз – 262 шақырымның өн бойында осындай қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ету», – деді Дархан Иманашев.

    28 шақырымдық жолда ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылды. Жол жамылғысының барлық қабаты төселіп, 3,66 млн текше метр жер жұмыстары жүргізілді. Екі көпір, екі жол өтпесі және екі көлік айрығы салынды. Сондай-ақ мал айдап өткізуге арналған бес өткелді қоса алғанда, 46 су өткізу құрылысы тұрғызылды.

    Құрылысқа 490 маман мен 380 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды. Жобаға қажетті 1,4 млн тоннадан астам қиыршық тас пен 14 мың тонна битум дайындалды.

    Пайдалануға берілген 28 шақырым – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүзеге асырып жатқан 262 шақырымдық «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту жобасының бір бөлігі.

    Жоба аясында бүкіл бағытты кезең-кезеңімен төрт жолаққа кеңейтіп, I техникалық санатқа көшіру көзделген. Қалған бөліктерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.

    Батыс Қазақстандағы маңызды көлік бағыттарының бірі саналатын бұл жолды жаңғырту оның өткізу қабілетін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады. Сонымен қатар өңіраралық және халықаралық жүк тасымалына қолайлы жағдай жасайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары