Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақта майын өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады. Сондай-ақ отандық өндірістің ел экономикасын нығайтудағы рөліне тоқталып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен жергілікті өндірістің әлеуетін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында мақта майын өндіретін жаңа зауыттың ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, өнімді терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл зауыт – сол міндеттердің іс жүзінде жүзеге асырылуының айқын көрінісі.
Түркістан облысы – еліміздегі мақта өсіретін стратегиялық маңызды өңірлердің бірі. Біздің басты мақсатымыз – шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, оны өз жерімізде терең өңдеп, қосылған құны жоғары отандық өнім өндіру. Бүгінгі зауыт өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосады деп сенемін.
Жаңа кәсіпорынның жұмысына табыс пен береке тілеймін! Отандық өнімдеріміз ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, «Қазақстанда жасалған» брендімен шетелдік нарықтарда да жоғары сұранысқа ие болсын. Өңіріміз өркендеп, еңбегіміз жемісті болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
«Хамро ата» ЖШС-нің «TABIGI MAY» мақта майын өндіру зауытының жобалық құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 36 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Мақтаарал ауданында мақта шикізатын өңдеу көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті өндірісті дамытуға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасын нығайтуға ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









