1 / 2
Республика күні қарсаңында Бадам ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Рухани орданың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жиналған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, ауылда жаңа мәдениет ошағының ашылуы елдің рухани дамуына және тұрғындардың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалы да ел тілегінің орындалғанына ризашылығын білдіріп, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын жеткізді. Ақсақал жаңа нысанның ауыл тұрғындары үшін құтты мекенге айналуына тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.
Ордабасы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік
мекемесінің тапсырысымен мәдениет үйінің құрылысын «ST Service KZ» ЖШС жүргізді. Құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған. Жобаның құны – 612 695 млн. теңге.
250 орындық заманауи мәдениет үйінде өнерпаздарға арналған сахна, балет залы, кітапхана, ардагерлер бөлмесі және спортпен шұғылдануға арналған орындар қарастырылған. Спорт аймағы шахмат және үстел теннисіне қажетті жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар сурет көрмелерін ұйымдастыруға арналған орын жасалып, кітапхана қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылған.
Жаңа нысан ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, жас таланттардың қабілетін шыңдауға, кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және аға буынның басын қосуға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қонақтармен бірге мәдениет үйін аралап, қариялармен пікірлесті. Іс-шара соңында ғимарат ауласына шырша көшеттері отырғызылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі






