25 ҚАЗАН – РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті жерлестер, ардақты ағайын!
Баршаңызды еліміздің ең ұлық әрі қадірлі мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – халқымыздың егемендікке деген ұмтылысын, елдігіміздің берік негізін және тәуелсіздігіміздің тарихи бастауларын айшықтайтын ерекше мейрам. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық іргетасын қалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы бұл күнге Ұлттық мереке мәртебесінің қайта берілуі – тарихи әділеттілікті қалпына келтірген маңызды шешім болды.
Қазіргі таңда әлемде геосаяси ахуал күрделеніп, халықаралық қауіпсіздікке төнген қатерлер арта түсуде. Осындай күрделі кезеңде:
* Еліміздің тыныштығын сақтау,
* Ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету,
* Қоғамдық келісімді бекемдеу – басты басымдығымыз болып кала береді.
Биылғы жылдың маңызды тарихи оқиғасы – 15 наурызда өткен республикалық референдумда халқымыз қолдаған жаңа Конституцияның қабылдануы болды. Сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, экономиканы әртараптандыру, ана мен баланы қолдау, білім мен медицина сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
«Ырыс алды – ынтымақ» демекші, қандай да бір қиындықты жеңетін – халқымыздың ауызбіршілігі. Елде болған табиғи апаттарда да азаматтарымыз бауырмалдығын танытты. Жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары да қай кезде де елдік іске белсене араласып келеді.
Казіргі таңда ауданымызда:
* Ауыл шаруашылығы: Күзгі жиын-терін қорытындыланып, мал қыстату науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Маңдай терін төккен диқандарымыз бен шаруаларымыздың еңбегі орасан.
* Даму бағыттары: Шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жолдарды жөндеу, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру, білім, денсаулық, спорт пен мәдениет саласын дамыту басты назарда.
Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбек адамдарына, кәсіпкерлерге, ұстаздар мен дәрігерлерге, ардагерлеріміз бен белсенді жастарымызға шынайы алғысымды білдіремін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Көк байрағымыз биікте мәңгі желбірей берсін!
Республика күні құтты болсын!✊🇰🇿









