Елорда әуежайында пара үстел теннисінен V Азия Пара ойындарының қола жүлдегері Алтынай Ержанқызын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен додада ел намысын қорғаған елордалық спортшы аралас жұптық сында жүлдегер атанды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Алтынай Ержанқызы Азия Пара ойындарында XD20 класындағы аралас жұптық сында Марат Суртубаевпен бірге өнер көрсетті. Олар топтық кезеңде Индонезия құрамасын 3:1, Жапония спортшыларын 3:2 есебімен жеңді. Ал Қытай өкілдеріне 1:3 есебімен есе жіберді.
Жартылай финалда қазақстандық спортшылар Гонконг өкілдері – Лам Ян Ю мен Вонг Хон Ламға қарсы ойнады. Кездесу 0:3 есебімен аяқталып, есеп 7:11, 4:11, 8:11 болды. Осы нәтиженің қорытындысында Алтынай Ержанқызы мен Марат Суртубаев Азия Пара ойындарының қола жүлдесін иеленді.
«Ойындар өте қиын болды. Жапония мен Индонезия құрамаларын жеңдік, алайда жартылай финалда Гонконг спортшыларына жол бердік. Дегенмен, келесі жарыстарға бұдан да мықты болып оралуға тырысамыз. Қолдау білдірген баршаңызға рақмет», – деді Алтынай Ержанқызы.









