Қазақстанның 35 жылдық даму жолы: жетістіктер мен болашақ бағдар
Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Осы тарихи кезеңде еліміз дербес мемлекеттілігін нығайтып, халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналды, экономикалық әлеуетін арттырып, саяси, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңғыру жолынан өтті. Бүгінде Қазақстанның алдында қол жеткізілген жетістіктерді бекемдеп, халықтың әл-ауқатын арттыру және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру міндеті тұр.
Егемендік және халықаралық бедел
1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан қысқа тарихи мерзім ішінде мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырып, ұлттық заңнамасын, қаржы жүйесін және дипломатиялық қызметін құрды. Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізіліп, шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар орнатылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы маңызды шешімдердің бірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту болды. Қазақстанның бұл қадамы халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі ретінде бағаланды. Еліміз халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде белсенді қызмет атқарып, теңгерімді дипломатияны дамытуға үлес қосты.
2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Астана саммитін өткізуі, 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыруы елдің халықаралық беделі мен ұйымдастырушылық әлеуетін танытты. Қазақстанның бейбіт диалогты қолдауы, халықаралық дауларды дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылысы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуы оның сыртқы саясатының маңызды бағыттары болып қала береді.
2026 жылғы 25 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз әрі халықаралық беделі жоғары орта держава ретінде жетіп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Конституцияның елдің саяси, экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларындағы түбегейлі өзгерістерге негіз болғанын айтып, озық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеттеріне назар аударды.
Экономикалық даму және өндірістік әлеует
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан нарықтық экономикаға көшіп, халықаралық сауда мен инвестициялар үшін ашық жүйе қалыптастырды. Мұнай-газ, тау-кен өндіру және металлургия салаларымен қатар, өңдеу өнеркәсібін, машина жасауды, ауыл шаруашылығын және қызмет көрсету секторын дамытуға басымдық берілуде.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары кезеңінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға өсті. Тауарлар өндірісі 4,4%-ға, қызметтер көрсету көлемі 4,1%-ға ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7%-ға артып, 16,1 трлн теңгеге (шамамен 35,7 млрд АҚШ доллары) жуықтады.
Өңдеу өнеркәсібінің дамуы экономиканы әртараптандырудағы маңызды жетістіктердің бірі болып отыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 8,6%-ды құрады. Машина жасау 22,8%-ға, автомобиль өндірісі 29,9%-ға, фармацевтикалық өнімдер өндірісі 30,9%-ға, жеңіл өнеркәсіп 62,4%-ға өсті. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы да 5,8%-ға ұлғайды.
Аталған көрсеткіштер өндірістік әлеуеттің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, экономикалық өсімнің халықтың тұрмыс сапасына нақты әсер етуі маңызды.
Инфрақұрылым және көлік-логистика мүмкіндіктері
Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орналасуы оның халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Ақтау және Құрық порттарын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыру және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту сыртқы сауда мен транзиттік тасымалдарды кеңейтуге бағытталған.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 13,2 млн шаршы метрді құрады. Бұл тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалардың жалғасып жатқанын көрсетеді.
Қазақстанның Каспий теңізі арқылы Кавказға және Еуропаға, сондай-ақ Иранның оңтүстік порттары арқылы Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты бағыттарына шығу мүмкіндіктері ерекше маңызға ие. Иранмен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту қазақстандық тауарлардың жаңа нарықтарға шығуына, тасымал бағыттарын әртараптандыруға және сыртқы сауда шығындарын оңтайландыруға жағдай жасай алады.
Осы тұрғыда Шахид-Раджаи және Чабахар порттарының әлеуетін пайдалану, Қазақстанның Ирандағы логистикалық инфрақұрылымын дамыту және Каспий арқылы өтетін маршруттарды өзара байланыстыру екі елдің экономикалық мүдделеріне сай келеді.
Цифрландыру және адами капитал
Қазіргі жаһандық бәсекелестік жағдайында технологиялық даму мен адами капитал сапасы мемлекеттің ұзақ мерзімді табысын айқындайтын негізгі факторларға айналды. Қазақстан электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін игеру бағытында жұмыстар жүргізуде.
Электрондық үкімет жүйесі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, азаматтар мен бизнес үшін көптеген рәсімді жеңілдетті. Алдағы кезеңде цифрлық технологияларды өнеркәсіпке, медицинаға, білім беру мен ауыл шаруашылығына кеңінен енгізу, отандық IT-секторды дамыту және білікті мамандар даярлау маңызды.
Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарында білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымы кеңейіп, жаңа мектептер, ауруханалар мен әлеуметтік нысандар салынды. Қоғамдық келісімді сақтау, этносаралық татулықты нығайту және ұлттық мәдени мұраны дәріптеу де Қазақстанның маңызды жетістіктерінің қатарына жатады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, тарихи сананы жаңғырту және жастардың отаншылдық сезімін қалыптастыру мемлекеттің рухани негіздерін бекемдейді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білімпаздық, адал еңбек, жоғары жауапкершілік пен шынайы отаншылдық елдің болашақтағы табысының маңызды шарттары болып табылады. Заң мен тәртіпті сақтау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, бірлік пен келісімді нығайту әділетті әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Болашаққа бағдар
Қазақстанның 35 жылдық даму жолы мемлекеттілікті нығайту, халықаралық беделді арттыру және экономикалық әлеуетті кеңейту тұрғысынан маңызды нәтижелерге толы. Дегенмен, алдағы кезеңде экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, инфляцияны төмендету және азаматтардың нақты табысын өсіру міндеттері өзектілігін сақтайды.
Су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық мәселелерді шешу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және өңірлер арасындағы даму алшақтығын қысқарту да тұрақты дамудың маңызды шарттары болып табылады. Сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік бағыттарын әртараптандыру және Орталық Азия мен Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастықты тереңдету Қазақстанның халықаралық экономикалық жүйедегі орнын нығайта түседі.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – Қазақстанның тарихи жетістіктерін бағалап, жаңа даму кезеңінің міндеттерін айқындайтын маңызды белес. Қазақстанның алдағы табысы экономикалық өсімнің сапасына, азаматтардың әл-ауқатына, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және қоғамның ортақ мақсаттар жолында жұмыла білуіне байланысты. Егемендіктің жетістіктерін сақтап, оларды халық игілігіне бағыттау – елдің жарқын болашағына бастайтын негізгі жол.
Д.Құдабайұлы,
Экономика ғылымының магистрі









