Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және Қазақстан өңірлерінің Иранның оңтүстік өңірлерімен байланыстарын дамыту перспективалары туралы

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және Қазақстан өңірлерінің Иранның оңтүстік өңірлерімен байланыстарын дамыту перспективалары туралы

    25 қазан – Қазақстанның Республика күні, ұлттық мереке. Биыл Қазақстан тәуелсіздік алғанына 35 жыл толып отыр.

    Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы екі елдің өзара құрметке, ұлттық мүдделерді ескеруге және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге негізделген ынтымақтастығымен сипатталады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында екіжақты қарым-қатынастардың қалыптасу тарихына шолу жасау, сондай-ақ Қазақстан өңірлері мен Иранның оңтүстік провинциялары арасындағы өзара іс-қимылды жандандырудың перспективаларын бағалау ерекше маңызға ие.

    1. Қазақстан мен Иран арасындағы саяси-дипломатиялық ынтымақтастықтың қалыптасуы

    Иран Ислам Республикасы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін алғашқылардың қатарында таныған елдердің бірі болды. Бұл қадам екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың берік негізін қалыптастырып, кейінгі кезеңдерде саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға жол ашты.

    Екіжақты қатынастардың маңызды ерекшеліктерінің бірі – Қазақстанның халықаралық және өңірлік мәселелерді бейбіт жолмен шешуге, диалог пен дипломатияға басымдық беруге бағытталған ұстанымының Иран тарапымен өзара іс-қимылда көрініс табуы. Атап айтқанда, 2013 жылы Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келіссөздерді өткізу үшін екі рет алаң ұсынды. Бұл Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, тараптар арасындағы сенімді диалогты ілгерілетуге және күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешуге қосқан үлесін көрсетті.

    Жоғары деңгейдегі байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Тегеранға жасаған ресми сапары және Иран Президенті Масуд Пезешкианның 2025 жылы Астанаға ресми сапары екіжақты қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтырып, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, көлік-транзиттік әлеуетті тиімді пайдалануға және инвестициялық байланыстарды нығайтуға тың серпін берді.

    ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 19 қыркүйекте Нью-Йоркте Иран Президенті Ибрахим Раисимен кездесу барысында Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан тарапы Чабахар портын дамыту, қолдану өзектілігіне зор мән береді. Бұл порттар Қазақстанның Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты бағыттарына шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыруға және Орталық Азияны Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия нарықтарымен байланыстыратын көлік дәліздерін дамытуға ықпал ете алады.

    Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Иран арасындағы саяси диалогты нақты экономикалық жобалармен толықтыру, әсіресе өңіраралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамыту екіжақты қатынастардың келесі кезеңіндегі басым бағыттардың бірі болуға тиіс.

    1. Қазақстан өңірлері мен Иранның оңтүстік провинциялары арасындағы байланыстар

    Қазақстан мен Иранның өңіраралық ынтымақтастығын дамыту үшін елеулі әлеует бар. Қазақстанның батыс өңірлері, ең алдымен Маңғыстау облысы, Иранның Хормозган провинциясымен және Парсы шығанағы жағалауындағы порттық қалаларымен көлік-логистика, сауда, өнеркәсіп, инвестиция және туризм салаларында өзара тиімді байланыстар орнатуға қолайлы мүмкіндіктерге ие.

    Маңғыстау облысы мен Хормозган провинциясы арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға бұрыннан назар аударылып келеді. 2013 жылы Маңғыстау облысы делегациясының Хормозган провинциясына жасаған сапары өңіраралық байланыстарды қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы делегациясының Хормозганға жаңа сапарын ұйымдастыру мәселесінің пысықталуы осы байланыстарды жаңғыртуға және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобалармен толықтыруға мүмкіндік береді.

    Алдағы сапар аясында облыстық мемлекеттік органдардың, порттық және көлік-логистикалық кәсіпорындардың, сауда-өнеркәсіптік құрылымдардың, туристік ұйымдар мен жоғары оқу орындарының қатысуымен кездесулер өткізу орынды. Бұл екі өңірдің өзара мүдделерін айқындауға, бірлескен жобаларды іріктеуге және оларды жүзеге асырудың практикалық тетіктерін белгілеуге жағдай жасайды.

    Сапар барысында «Қазақстан РеспубликасыМаңғыстау облысының әкімдігі мен Иран Ислам Республикасы Хормозган провинциясының губернаторлығы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы» және «Қазақстан Республикасының Ақтау қаласы мен Иран Ислам Республикасының Бендер-Аббас қаласы арасындағы бауырлас қала қатынастары туралы өзара түсіністік туралы» меморандумдарға қол қою мәселелері пысықталуда.

    Қазақстанның өзге де өңірлері Иранның оңтүстік провинцияларымен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, азық-түлік өңдеу, өнеркәсіптік кооперация, құрылыс материалдары, фармацевтика, туризм және сервистік қызметтер салаларында байланыстар орнатуға мүдделі бола алады. Мұндай ынтымақтастықты дамыту үшін өңірлердің экономикалық мамандануы мен кәсіпорындардың нақты сұраныстарын ескере отырып, әлеуетті серіктестердің тікелей байланысын қамтамасыз ету қажет.

    1. Екі ел өңірлерінің көлік-логистика және сауда-экономикалық ынтымақтастығы

    Иранның оңтүстігіндегі порттар Қазақстанның сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыруда және халықаралық көлік дәліздерін дамытуда маңызды орын алады. Әсіресе Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи портының әлеуеті ерекше. Бұл порт Иранның негізгі контейнерлік және жүк өңдеу орталықтарының бірі ретінде Қазақстан тауарларын Парсы шығанағы нарықтарына жеткізуге, сондай-ақ Иран аумағы арқылы өзге мемлекеттерге транзит ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Қазақстанның Шахид Раджаи портында көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін алуы және тиісті келісімдердің жасалуы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтағы маңызды практикалық қадам болып саналады.

    2026 жылғы 28 маусымда QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының QazExportPromotion қоры мен Иранның Хормозган провинциясындағы Порттар және теңіз істері ұйымы Шахид Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу туралы келісімге қол қойды. Аталған уағдаластықты іске асыру мәселелері 30 маусымда QazExportPromotion қорының бас директоры А.Малгаждаровтың Бендер-Аббасқа іссапары кезінде Иранның Порттар және теңіз істері ұйымы бас директорының орынбасары Е.Мәкки Задемен кездесуінде талқыланды.

    Қазақстан делегациясының іссапары барысында А.Малгаждаров «Kave» компаниясының Хормозган провинциясындағы басшылығымен, оның ішінде контейнерлік терминал және жалпы тауарлар терминалына жауапты өкілдерімен кездесулер өткізді. Тараптар жүк тасымалын ұйымдастыру, транзиттік мүмкіндіктерді пайдалану және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар қазақстандық делегация Шахид Раджаи портын, «Kave» компаниясының айлақтарын, қоймаларын және басқа да инфрақұрылымдық объектілерін аралап, олардың мүмкіндіктерімен танысты.

    Бұл келісімнің маңызы тек порт аумағында терминал салумен шектелмейді. Жобаны тиімді іске асыру Қазақстанның экспорттаушылары мен логистикалық операторлары үшін жүк сақтау, контейнерлерді өңдеу, жүктерді шоғырландыру және қайта жөнелту мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін. Сонымен бірге қазақстандық тауарлардың Иран нарығына және Парсы шығанағы елдеріне жеткізілуін ұйымдастыруға, кері бағыттағы импорттық ағындарды ұлғайтуға және тасымалдау шығындарын оңтайландыруға жағдай жасайды.

    Осы ретте терминал жобасын іске асыру барысында жер учаскесін пайдалану шарттарын, құрылыс пен инфрақұрылымға қажетті инвестициялар көлемін, терминалдың меншік және басқару моделін, кедендік рәсімдерді, тарифтерді, жүк ағындарының болжамын және жобаның коммерциялық тиімділігін нақтылау қажет. Қазақстанның өңірлік кәсіпорындары мен экспорттаушыларының осы инфрақұрылымды пайдалануын қамтамасыз ету де маңызды.

    Чабахар порты да Қазақстан үшін ұзақ мерзімді стратегиялық маңызға ие. Үнді мұхитына тікелей шығу мүмкіндігі бұл порттың Оңтүстік Азия және одан әрі халықаралық нарықтармен сауда байланыстарын дамытудағы рөлін арттырады. Шахид Раджаи порты Парсы шығанағы бағытындағы тасымалдар үшін маңызды болса, Чабахардың әлеуеті Үнді мұхиты бағытындағы балама логистикалық тізбектерді қалыптастырумен байланысты. Сондықтан екі портты бір-біріне балама нысандар ретінде ғана емес, Қазақстанның экспорттық-импорттық операцияларын әртараптандыруға мүмкіндік беретін өзара толықтырушы инфрақұрылым ретінде қарастыру орынды.

    Қазақстан өңірлері мен Иранның оңтүстігі арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту үшін тұрақты жүк ағындарын қалыптастыру, мультимодальды тасымалдарды ұйымдастыру, порттар мен теміржол бағыттарының түйісуін жетілдіру, кедендік рәсімдерді үйлестіру және көлік операторлары арасында ұзақ мерзімді келісімдер жасасу қажет. Бұл шаралар Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыруға және өңірлік кәсіпорындардың сыртқы нарықтарға шығуын жеңілдетуге ықпал етеді.

    1. Өңіраралық өнеркәсіп, инвестиция және туризм салаларындағы ынтымақтастық

    Қазақстан өңірлері мен Иранның оңтүстік провинциялары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудің тағы бір бағыты – өндірістік кооперация мен инвестициялық әріптестікті дамыту. Хормозган провинциясының теңіз порттары, қойма инфрақұрылымы, балық шаруашылығы, теңіз өнімдерін өңдеу және сауда салаларындағы мүмкіндіктері Қазақстанның тиісті кәсіпорындарымен бірлескен жобаларды іске асыруға негіз бола алады.

    Қазақстан тарапынан Иранның оңтүстігіне астық, майлы дақылдар, металл өнімдері және басқа да экспорттық тауарларды жеткізуді кеңейтуге мүмкіндік бар. Өз кезегінде Иранның ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімдерін, құрылыс материалдарын, өнеркәсіптік тауарларын Қазақстан нарығына жеткізу мәселелерін қарастыруға болады. Бұл ретте екі елдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыстар орнату, сауда миссияларын ұйымдастыру және өңірлік бизнес-форумдар өткізу маңызды.

    Инвестициялық ынтымақтастық аясында порттық инфрақұрылым, қойма шаруашылығы, тауарларды сұрыптау және қаптау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, балық өсіру, су ресурстарын тиімді пайдалану және энергиямен жабдықтау салаларындағы бірлескен жобалардың әлеуетін зерделеу орынды. Мұндай бастамалар өңірдегі қазіргі күрделі геосаяси жағдайда екі тараптың нарықтық мүмкіндіктерін ұштастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлік экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етуі мүмкін.

    Туризм саласында да ынтымақтастықты дамытуға қолайлы алғышарттар бар. Маңғыстау облысының тарихи-мәдени ескерткіштері, Каспий теңізінің жағалауы және табиғи ландшафттары Иранның оңтүстік өңірлерінің туристік нысандарымен өзара толықтырушы сипатқа ие. Ал Хормозган провинциясындағы Парсы шығанағы жағалауы, аралдар, тарихи қалалар мен теңіз туризмі нысандары қазақстандық туристер үшін қызығушылық тудыруы мүмкін.

    Туристік байланыстарды кеңейту үшін туристік компаниялар арасында ынтымақтастық орнату, ортақ туристік өнімдер әзірлеу, мәдени-танымдық турлар ұйымдастыру және қолданыстағы көлік қатынастарының мүмкіндіктерін зерделеу қажет. Бұл ретте қауіпсіздік мәселелері, визалық талаптар, туристік инфрақұрылымның қолжетімділігі және тасымал құны ескерілуге тиіс.

    Қазіргі күрделі ахуалға қарамастан, Қазақстан мен Иран өңірлерінің өнеркәсіп, инвестиция және туризм салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

    1. Өңіраралық мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру байланыстары

    Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи-мәдени жақындық екі елдің өңіраралық ынтымақтастығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Қазақ және парсы әдебиеттерінің өзара ықпалдастығы, ортақ тарихи-мәдени кеңістік және екі халықтың рухани мұрасына деген қызығушылық мәдени дипломатияны жандандыруға негіз бола алады.

    Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі 2026 жылғы 23 тамызда Бендер-Аббаста өтті. Қазақстан Республикасының осы қаладағы консулдығы мен Хормозган провинциясы губернаторлығының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының, Сағди мен Хафиздің шығармашылығына арналған әдеби-мәдени кеш өткізілді.

    Іс-шараға Хормозган провинциясы губернаторының халықаралық істер жөніндегі орынбасары М.Нәзәри, провинцияның Мәдениет және исламдық бағдар департаментінің бас директоры Ф.Джалали, Иран Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің қызметкері С.Асади, Хормозган университетінің профессоры, әдебиеттанушы доктор А.Нөурузи, ақындар мен зағиптар қоғамдарының басшылары және мүшелері, сондай-ақ өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

    Доктор А.Нөурузи өз баяндамасында Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мен парсы әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындылары арасындағы рухани сабақтастықты талдады. Кеш барысында қатысушылар Абайдың, Сағдидың, Омар Хайямның және басқа да ақындардың өлеңдерін оқыды. Іс-шараның музыкалық бөлімінде Қазақстан мәдениет саласының үздігі, халықаралық күйшілер байқауының жеңімпазы А.Нұрсұлтан Абайдың, Құрманғазының, Сүгірдің, Төлеген Момбековтің және Секен Тұрысбековтің күйлерін тартты.

    Аталған іс-шара мәдени дипломатияның өңірлік деңгейде тиімді жүзеге асырылатынын көрсетті. Сонымен қатар оның өткізілуі Қазақстан мен Иранның өңірлері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, жергілікті ғылыми және шығармашылық қауымдастықтардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.

    2026 жылы Бендер-Аббастағы қазақ консулдығы парсы классик ақындарының мұраларын парсы тілінен қазақ тіліне аударып, «Білім шамы» атты тәржіма жинағын шығарды.

    Алдағы кезеңде де мұндай іс-шараларды жүйелі сипатқа келтіру орынды. Атап айтқанда, екі ел ақындарының шығармаларын қазақ және парсы тілдеріне аудару және насихаттау, қазақ және парсы әдебиетіне арналған ғылыми конференциялар өткізу, кітап көрмелерін ұйымдастыру, ұлттық музыка концерттерін өткізу және мәдениет мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды дамытудың маңызы зор.

    Өңіраралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – білім және ғылым саласы. Есетов атындағы Ақтау университеті мен Хормозган университеті арасында ынтымақтастық орнату жөніндегі бастама екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Аталған бағытта студенттер мен оқытушылар алмасуын, бірлескен ғылыми зерттеулерді, конференциялар мен тағылымдамаларды ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге теңіз көлігі, порттарды басқару, логистика, балық шаруашылығы, мұнай-газ саласы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу және қазақ-парсы мәдени байланыстары жөніндегі зерттеулерді кеңейту екі тарап үшін де практикалық маңызға ие.

    ***

    Екі ел президенттерінің, сыртқы істер министрлерінің және өзге де лауазымды тұлғаларының сапарлары мен кездесулері барысында екіжақты өңіраралық ынтымақтастық ты дамыту мәселелері тиісінше көтеріліп келеді.

    Қазақстанның Ирандағы Төтенше және Өкілетті елшісі О.Оңалбаевтың 2024 жылғы желтоқсандағы, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Бақаевтың 2025 жылғы ақпандағы Хормозган провинциясына сапары кезінде Хормозган провинциясының губернаторы басшылығымен және өзге де лауазымды тұлғалармен кездесулер барысында Қазақстан мен Иран өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, туристік және ғылыми қарым-қатынастарды жандандыру мәселелері нақты талқыланғаны мәлім.

    Екіжақты жобаларды жоспарлау кезінде өңірлік қауіпсіздік ахуалын, санкциялық талаптарды, төлем тетіктерін және логистикалық шығындарды ескере отырып, тәуекелдерді алдын ала бағалау ұсынылады. Жағдай тұрақталған жағдайда ынтымақтастықты жедел кеңейтуге мүмкіндік беретін дайын жобалар портфелін қалыптастыру да маңызды.

    Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы Қазақстан мен Иран өңірлері арасындағы қатынастардың қалыптасу жолын қорытындылап қана қоймай, екіжақты ынтымақтастықты өңірлік деңгейде жаңа мазмұнмен толықтырудың маңызын айқындайды. Иранның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың қатарында тануы, 2013 жылы Қазақстанның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келіссөздерге екі рет алаң ұсынуы және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар екі ел арасындағы саяси сенімнің қалыптасуына ықпал етті.

    Қазіргі кезеңде ынтымақтастықтың практикалық мазмұнын кеңейту үшін Қазақстан өңірлері мен Иранның оңтүстік провинциялары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту ерекше маңызды. Бұл ретте Маңғыстау облысы мен Хормозган провинциясы арасындағы қарым-қатынастарды дамыту, Шахид Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу жөніндегі келісімді іске асыру және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты жолға қою басым бағыттар ретінде қарастырылуы мүмкін.

    Жалпы алғанда, Қазақстан өңірлері мен Иранның оңтүстік өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамыту екі елдің стратегиялық және экономикалық мүдделеріне сай келеді. Оның негізгі нәтижесі саяси байланыстарды нақты экономикалық жобалармен, тұрақты жүк ағындарымен, өңіраралық саудамен және мәдени-гуманитарлық бастамалармен толықтыру болуға тиіс.

    Парсы шығанағындағы және Иранның оңтүстігіндегі әскери-саяси ахуал тұрақталған жағдайда Қазақстан өңірлері мен Иранның Хормозган және өзге де провинциялары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, порттық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және сауда-инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық байланыстарын нығайтуға, экспорттық бағыттарын әртараптандыруға және Иранмен өңіраралық ынтымақтастығын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуі мүмкін.

    Д.Құдабайұлы,

    экономика ғылымының магистрі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Бендер-Аббас (Иран) қаласындағы консулдығы" жаңалықтары