Түркияда Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай футбол турнирі өтті

    1 / 13

    Афьонкарахисар, 2026 жылғы 24 қазан – Түркия Республикасының Афьонкарахисар қаласындағы «Коджатепе» спорт кешенінде Қазақстанның ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған іс-шаралар аясында қазақстандық студенттер арасында футбол турнирі өтті.

    Жарысқа Түркияның Бурса, Бартын, Күтахия, Эскишехир, Сакария және Измир қалаларында білім алып жатқан қазақстандық студенттер командалары қатысты.

    Спорттық іс-шара 200-ден астам қатысушы мен жанкүйердің басын қосып, Түркияның түрлі өңірлеріндегі қазақстандық жастар үшін маңызды кездесу алаңына айналды.

    Турнир қазақстандық студенттер бірлестігінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулдығының және Қазақстан Республикасының Эскишехир қаласындағы Құрметті консулының қолдауымен ұйымдастырылды.

    Жарыс қорытындысы бойынша Измир қаласының командасы жеңімпаз атанып, бірінші орын мен турнирдің бас кубогын иеленді. Екінші және үшінші орындарды Сакария қаласының командалары жеңіп алды.

    Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Афьонкарахисар провинциясының Жастар және спорт басқармасының спорт қызметтері бөлімінің басшысы Йылмаз Эршен (Yılmaz Erşen) де қатысып, спортшыларды құттықтады.

    Аталған іс-шара қазақстандық студенттер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға, жастар бастамаларын қолдауға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етті.

    Республика күні қарсаңында және Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін жылы ұйымдастырылған турнир шетелдегі қазақстандық жастардың бірлігі мен ұйымшылдығын, сондай-ақ олардың Отанымен тығыз байланысын айқындай түсті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Измир қаласындағы Бас консулдығы" жаңалықтары