Мәскеуде Қазақстан Республикасы күні атап өтілді

    1 / 10

    Мәскеуде Қазақстан Республикасы күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

    Кеш қонақтарының қатарында Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің, Үкіметінің және СІМ-нің өкілдері, Федерация Кеңесінің мүшелері мен Мемлекеттік Дума депутаттары, Мәскеуде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басшылық құрамы, ғылым және мәдениет қайраткерлері болды.

    Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде Егемендік туралы декларация қабылданған кезеңнен бастап Қазақстан заманауи мемлекеттілік пен нарықтық экономика құрғанын, халықаралық беделін нығайтып, әлемдік ұлттар қоғамдастығында лайықты орынға ие болғанын атап өтті. Елші ел стратегиясының мәнін келесі құрамдас бөліктер арқылы ашып көрсетті. «Біріншісі – ішкі әлеуеттің үстемдігі. Елдің халықаралық жүйедегі орны оның өз аяғына қаншалықты нық тұрғанымен анықталады. Бұл – тұрақты экономика, тиімді институттар, адами капитал, заманауи инфрақұрылым және мемлекеттік басқарудың сапасы. Бүгінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың негізінде дәл осы қағидат жатыр. Екіншісі – біріктіру қабілеті. Қазақстан бір мемлекетпен серіктестік басқа бір мемлекетке қарсы бағытталмауы тиіс деген ұстанымды дәйекті түрде басшылыққа алады. Үшіншісі – сенім қалыптастыра білу. ХХІ ғасырдағы халықаралық қатынастарда жүйелілік пен болжамдылық стратегиялық активке және мемлекеттер күшінің сирек кездесетін түріне айналды», – деп түсіндірді Д.Абаев. Ол сипатталған стратегияның табысты болуы, соның ішінде, Ресей ерекше әрі бірегей орын алатын стратегиялық серіктестердің арқасында мүмкін болғанын баса айтты.

    Өз кезегінде, РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчук қазіргі Қазақстан саяси және әлеуметтік-экономикалық институттарды дәйекті түрде жетілдіре отырып, жаңа білімді игеріп, ғылыми әрі технологиялық тұрғыда дамып, өзінің бай мәдени-тарихи мұрасын ұқыпты сақтай отырып, сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңашылдыққа деген ұмтылыс Республиканың негізгі құжаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және болашақ ұрпақ үшін берік негіз қалауға бағытталған ауқымды жаңалықтарды бекітетін жаңа Конституцияда көрініс тапқан. Ол достық пен тату көршіліктің орныққан дәстүрлері, мүдделердің ортақтығы және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған ұмтылыс алдағы уақытта да Қазақстан-Ресей қатынастарын одан әрі нығайтудың берік іргетасы бола беретініне сенім білдірді.

    Осы тұрғыда РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресеймен жан-жақты серіктестікке және Еуразиядағы экономикалық интеграцияға бағытталған курсының ерекше құндылығын баса айтты. «Біз Қазақстанның Ресей үшін жақын дос, сенімді серіктес және одақтас екенін жоғары бағалаймыз. Біздің өзара іс-қимылымыздың негізінде әрдайым жоғары және ең жоғары деңгейдегі сенімді диалог, белсенді ведомствоаралық байланыстар, өңірлер мен қарапайым адамдар арасындағы кең қарым-қатынастар жатады. Бұлардың барлығы екіжақты күн тәртібін дәйекті әрі серпінді дамытуға және тіпті ең күрделі мәселелерде де өзара тиімді шешімдер табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ресейлік дипломат. Ол келесі жылы екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын еске салып, достық пен тату көршілік дәстүрлеріне, өзара құрмет пен одақтастық міндеттемелерге сүйену бұдан былай да елдеріміз бен халықтарымыздың игілігі үшін ортақ міндеттерді табысты атқаруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

    Іс-шара барысында ұйымдастырылған қазақтың шай ішу рәсімі, қазақстандық өнімдердің көрмесі және ұлттық тағамдардан дәм тату шаралары кештің ерекше сәнін келтірді. Заманауи қазақ өнерінің барлық қырларын паш еткен концерттік бағдарлама аясында көрермендер Ақмола облысынан келген «Тұмар» эстрадалық ансамблінің өнерін ыстық ықыласпен тамашалады. Республика Күніне орай ұйымдастырылған мереке үлкен табыспен өтіп, Мәскеуге қазақ мәдениетінің бір бөлшегімен бірге жылылық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі" жаңалықтары