Мәскеуде «Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарын кешенді дамыту: жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты II Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ресей жоғары оқу орнының алаңында РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университеті мен Рудный индустриалды университеті (Қостанай облысы) ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдар мен іскер топтардың өкілдері, екі елдің ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде өңіраралық байланыстарды дамытуды екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыты деп атады. Ол өңіраралық сауда елдер арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің шамамен 70%-ын құрайтынын еске салды. Тауар айналымы өсімінің факторлары ретінде Елші көлік дәліздерін дамытуды атап өтті: алдағы екі жыл ішінде мемлекеттік шекарадағы барлық 30 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту аяқталады, бұл өткізу қабілетін екі есеге арттырады. «Елдеріміздің шекара маңындағы ынтымақтастығы зор әлеуетті көрсетіп отыр, қол жеткізілген уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар одан әрі бірлескен жұмыс үшін берік негіз қалайды», – деп атап өтті Д. Абаев.
Өз кезегінде, РФ СІМ ТМД елдерінің үшінші департаменті директоры Александр Стерник екіжақты уағдаластықтардың іс жүзіндегі мазмұнын көбіне дәл осы өңіраралық байланыстар қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыстың өзектілігі тек географиялық факторға ғана емес, сонымен бірге өзара тиімділік пен осындай ынтымақтастыққа деген қызығушылыққа байланысты. «Өңіраралық ынтымақтастықтың ауқымы таңғалдырады – РФ-ның 76 субъектісі қазақстандық серіктестермен байланыс орнатқан. Бұл ретте өзара іс-қимыл тек бизнесті ғана емес, сонымен бірге ғылыми-білім беру және гуманитарлық байланыстарды да қамтиды», - деп түйіндеді А.Стерник.
Конференцияға, сондай-ақ РФ Федерация Кеңесінің мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-вице-спикері Альберт Рау, Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко, Рудный индустриялық университеті мен РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің өкілдері қатысты. Олар Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы аумақтарын кешенді дамытудың стратегиялық басымдықтарын, өнеркәсіптік кооперация мәселелерін, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамытуды, адам капиталын дамытудағы университеттердің рөлін, бірлескен жобаларды қаржыландыру мәселесін талқылады. Ағымдағы жылы оң динамика байқалатыны атап өтілді: ҚР облыстары мен РФ субъектілерінің қатысуымен 50-ден астам екіжақты іс-шара өтті, 20-ға жуық бизнес-миссия ұйымдастырылды, екі ел өңірлері делегацияларының тұрақты сапар алмасуы жүзеге асырылып жатыр.








