ІІМ-де Республика күні атап өтілді

    1 / 3

    Ішкі істер министрлігінде 25 қазан – Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

    Өмір жолдарын мемлекет мүддесі мен халық игілігі үшін қызмет етуге арнаған ардагерлер мен тәртіп сақшыларын министр Ержан Саденов мерекемен құттықтады.

    - Cіздер тәулік бойы адалдық, кәсібилік және батылдық танытып, қойылған міндеттерді абыроймен атқарып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Алдымызда әлі талай міндеттер тұр. Қоғамның бізге қояр талабы да, артқан сенімі де жоғары. Сондықтан әрқайсымыз өз ісімізге адал болып, халыққа үлгі болуымыз керек. Біздің ең басты міндетіміз - ел сенімін ақтау. Әрбір азамат полициядан әділдік пен қорғаныш табуы тиіс. Осыны әрдайым есте сақтайық. Баршаңызға табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Мереке құтты болсын! - деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

    Мерекеге орай Мемлекет басшысының жарлығымен Ішкі істер органдарының 68 қызметкері, министрдің бұйрығымен республика бойынша 1700-ден астам адам марапатталды. Бұл – елімізде заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жүрген жандарға көрсетілген құрметтің белгісі.

    Ерлігі еленгендердің қатарында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкері Жақсылық Сәрсенов бар. Ол маусым айында Алакөлде демалып жүрген төрт адамды ажалдан арашалап қалды. Жүйткіген желмен жағадан 500 метрге алыстап кеткен азаматтарды құтқарды.

    - Полиция қызметкері болу - бұл бала күнгі арманым. Қазақта "армансыз адам қанатсыз құспен тең" дейді. Арнайы жасақ қызметкерлерінің қатарында болу - мен үшін мәртебе. Полиция қызметкерлерінің "Міндет! Ерлік! Абырой!" деген ұраны бар. Ерлік абырой үшін емес, адам үшін атқарылады. Қызмет шен үшін емес, ел үшін атқарылады, - деді Жетісу облысы ПД ЖҚАЖ аға инспекторы Жақсылық Сәрсенов.

    Бұл күні тағы бір марапатқа ие болғандардың бірі – қырағылығының арқасында балақайдың өмірін сақтап қалған Әлішер Жарқымбеков. Тәртіп сақшысы елордадағы қоғамдық көлікте болған оқиғада азаматтардың бей-жай қарамай, көмекке ұмтылғанын ерекше атап өтеді.

    - Ішкі істер органдары қызметінде отандастарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету қызметке келген күннен бастап міндеттеледі. Сондықтан бұл - біздің азаматтық борышымыз, - деді Астана қаласы ПД ЖҚАЖ инспекторы Әлішер Жарқымбеков.

    Республика күнінің тағы бір ерекшелігі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов" атындағы ведомстволық медальдің бекітілуі болды. Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болған марапат естелік үшін батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиеваға табысталды.

    Мереке концерттік бағдарламаға ұласты. Әсерлі кеште жігерді жандырып, рухты көтеретін әндер шырқалды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары