Мемлекеттік органдар үшін кадрлар даярлауды жетілдіру, академиялық дербестікті кеңейту және білім беру сапасын арттыру мәселелері 2026 жылғы 22–23 қазанда Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өткен ведомствоаралық әдістемелік жиынның негізгі тақырыптарына айналды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінен Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Еділханов Артур Жауханұлы және Реттеу саясаты басқармасының басшысы Сапарбекова Эльвира Қалмаханқызы, сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің өкілдері, құқық қорғау, әскери және арнаулы бағыттар бойынша кадрлар даярлайтын білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынды Академия ректоры Н. Әбдіров ашып, ведомстволық білім беру сапасын арттырудың және кадрлар даярлау бойынша бірлескен шешімдер әзірлеудің маңызын атап өтті. Пленарлық бөлім мен тақырыптық сессияларда ведомстволық жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі, академиялық адалдық, біліктілік талаптары, кадрлар даярлау сапасын қамтамасыз ету және мемлекеттік аттестаттаудың заманауи тәсілдері талқыланды. Академия мен Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің өкілдері, оның ішінде онлайн форматта, баяндама жасады.
Бағдарлама аясында қатысушылар Академияның білім беру инфрақұрылымымен танысып, қорытынды пікірталас өткізді. Сондай-ақ ведомстволық білім беруді жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Жиын білім беру үдерісін ұйымдастыру, сапаны қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру және жоғары оқу орындарының ерекшеліктерін ескеру мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.






