ТҮРКІСТАНДА 5 ЕЛДІҢ 40-ТАН АСТАМ ҒАЛЫМЫНЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

    1 / 4

    Түркістан қаласында «Сырдария өзені алабының орта және төменгі ағысындағы түркі мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Халықаралық жиынға ғалымдар, зерттеушілер, сала мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін қоса алғанда, 400-ден астам адам қатысып жатыр.

    Салтанатты іс-шараның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (ИРСИКА) ғылыми зерттеулер және жарияланымдар бөлімінің жетекшісі, PhD, профессор Женгиз Томар, ИРСИКА профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов, Ислам зерттеу орталығының (ИСАМ) бас хатшысы, доктор Меһмет Камил Яшароглу және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының өкілі, ғылым докторы, профессор Пейами Баттал құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

    Конференцияны «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Ерлан Дакенов жүргізді. Жиын пленарлық отырыспен жалғасып, зерттеушілер ғылыми баяндамаларын ұсынды.

    Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген ғалымдар қатысып жатқан конференцияның басты мақсаты – Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойындағы ислам мәдениетінің қалыптасуы мен дамуын тарихи, археологиялық, сәулеттік, жазба және рухани мұралар негізінде кешенді зерттеу, сондай-ақ өңірдің ислам өркениетіндегі орнын ғылыми тұрғыдан зерделеу.

    Сырдария алабы ғасырлар бойы Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени байланыстары тоғысқан маңызды аймақ болды. Отырар, Ясы, Сауран, Сығанақ секілді тарихи қалалар ислам мәдениетінің таралуына, білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосты.

    Конференция аясында төрт ғылыми секция жұмыс істейді. Олар: «Сырдария өңірі қалаларының материалдық мұрасы», «Тарих және рухани сабақтастық», «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы: жазбаша мұра және деректану», «Түркі мәдениеті және заманауи зерттеу бағыттары».

    Айта кетейік, ғылыми іс-шараны «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары