Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Түркістан қаласындағы Достық үйінің аумағында тал көшеттері егілді. 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесін атап өту апталығы шеңберіндегі игі шараға Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, «Ел жастары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, студент жастар және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы қатысты.
«Таза Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деп аталатын акцияға қатысушыларды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, облыстық медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев құттықтап, Республика күнінің маңызына тоқталды, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың, қоршаған ортаны таза ұстаудың және табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толады, атаулы датаны негізге алған түркістандық қоғамдық белсенділері берекелі бірліктің шаңырағына айналған Достық үйінің айналасына 35 түп қылқан жапырақты ағаштар отырғызды. Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының бірлескен жұмысы қоғамдық келісімнің күнделікті өмірдегі маңызын айқындайды және бұл саладағы жұмыстар алдағы уақытта да қоғамды топтастыруға қызметін жалғастырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









