Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылыстарына қызмет көрсететін жаңа техникалардың кілттері табысталды

    1 / 7

    Республика күніне орай Садовое тұрғын үй алабының экосаябағында өңірдегі гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсетуге қауқарлы арнайы техникалардың кілттерін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су мәселелерін шешудің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму үшін маңыздылығын атап өтті. Бұл міндеттер гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау мен жөндеуді қоса алғанда, жүйелі жұмысты талап етеді. Ақтөбе облысында елді мекендерді су басу қаупінен қорғау және гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл бес бөгет жөнделді. Алдағы уақытта бұл жұмыстың тиімділігін арттыру үшін мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мамандарды қажетті техникамен қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізуге жағдай жасау қажет. Бұл су шаруашылығы нысандарының сенімділігін арттырып, өңірдің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді», – деді Асхат Шахаров.

    Салтанатты рәсім барысында өңірдегі гидротехникалық құрылыстарға қызмет көрсететін мекемеге арнайы техника мен көлік құралдарының 26 бірлігі тапсырылды. Олардың қатарында жұмысшыларды тасымалдауға арналған автокөліктер, автокрандар, шынжыр табанды экскаватор, тиегіш, кран-манипуляторлар, бұрғылау машинасы, тартқыштар және басқа да арнайы техника бар.

    Жаңа техника гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарының жеделдігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ су басу қаупінің алдын алу және су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

    2025 жылы мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 355 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа екі фронтальды тиегіш, шынжыр табанды экскаватор, жол катогы, жер снаряды, сондай-ақ қосалқы техника мен жабдықтар сатып алынды.

    Бұдан бөлек, қаржы лизингі аясында жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 32 бірлік арнайы техника мен көлік құралына қол жеткізілді. Мекеменің автопаркі самосвалдар, экскаваторлар, крандар, жанармай мен ауыз су тасымалдайтын автокөліктер және басқа да арнайы машиналармен толықтырылады.

    Қазіргі таңда мекемеде 37 қызметкер жұмыс істейді. Оның 17-сі Қарғалы, Қобда, Байғанин және Ырғыз аудандарында қызмет атқарады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары