Ақтөбе облысының Садовое тұрғын үй алабында орналасқан экосаябақта ағаш отырғызу акциясы өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров пен түрлі мектептің 50 оқушысы қатысты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы және «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында оқушылар биіктігі 2,5–3 метрліа 100 қайың көшетін отырғызды.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақтөбе облысында «Мектеп орманшылығы» өңірлік жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Бастапқыда жоба алты ауданды қамтыса, бүгінде облыстың барлық аумағында жүзеге асырылып келеді.
Жобаға қатысу арқылы оқушылар өсімдіктерді күтіп-баптау дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгеріп, олардың өсуін бақылауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ табиғатты сақтау тұрақты назар мен қамқорлықты қажет ететінін түсінеді.
Бүгінгі шарада қатысушылар ағаш отырғызбас бұрын экосаябақ аумағымен және оны одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. Бұдан соң облыс әкімі Асхат Шахаров оқушылармен бірге қайың көшеттерін отырғызды.
«Экосаябақ Ақтөбе тұрғындары үшін табиғат аясында демалып, отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік беретін тағы бір маңызды орынға айналады. Біздің міндетіміз – осындай аумақтарды құрумен ғана шектелмей, оларды күтіп, әрбір ағаш пен жасыл желекті сақтау. Бұл ретте өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің маңызы зор.
«Мектеп орманшылығы» жобасы балаларға табиғатты тәжірибе жүзінде танып-білуге, орман шаруашылығымен танысуға және жасыл желектерді сақтаудың маңызын түсінуге көмектеседі. Экологиялық мәдениет бала кезден бастап жеке үлгі, білім және нақты істер арқылы қалыптасады. Осындай бастамалар табиғатқа жанашырлықпен қарайтын, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатын және туған өлкеміздің таза әрі жасыл болуына атсалысатын ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді деп сенемін», – деді Асхат Шахаров.
Қайың отырғызу шарасына атсалысқан Мансұр Құлтаевтың сөзінше, ағашқа жаңа өмір сыйлау мен қоршаған ортаны таза ұстау – табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі.
«Мен «Мектеп орманшылығы» жобасы туралы алғаш рет колледж оқытушыларынан естідім. Осы жазда жобаға қосылдым. Біз ағаш отырғызумен қатар, қоқыс жинап, табиғатқа ұқыпты қарауға тырысамыз.
Осындай бастамалар арқылы табиғатқа пайда келтіріп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алатынымыз маған ұнайды», – деді ол.
Жалпы, өңірде көгалдандыру жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы облыс қалалары мен елді мекендерінде жоспарланған 100,2 мың ағаштың 54,1 мыңы отырғызылды.
Сонымен қатар жасыл аймақтар құру аясында 135 гектар аумаққа 450,2 мың ағаш отырғызу көзделген. Қазіргі уақытта 46,9 гектар жерге 156,2 мың тал егілді. Бұл жұмыста оқушыларды өңірді көгалдандыру ісіне тартуға және өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін «Мектеп орманшылығы» жобасының маңызы зор.








