19 қазан – құтқарушылар күніне орай Атырау қаласы әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Шара барысында қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен қала әкімі Данияр Тахановтың атынан құттықтады.
– Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін мамандық. Қандай жағдай болмасын, көмекке бірінші болып жетіп, қиын сәтте адамға қол ұшын созу – нағыз ерлік пен азаматтықтың белгісі. Төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт сөндіру, апат салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Қала тұрғындарының тыныштығы мен амандығын сақтауға қосып жүрген үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Айбек Сарсенбайұлы.
Салтанатты жиында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға қосқан үлесі үшін Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының 15 қызметкеріне қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сәбит Борашев құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Мерекелік шара әсерлі әнмен әрленді.








