Алматы қаласында заңды күшіне енген сот қаулысы негізінде тәркіленген 515 512 бөтелке (21 816 қаптама) алкоголь өнімі жойылды.
Аталған іс-шара сот актісінің толық әрі тиісінше орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының мемлекеттік сот орындаушысы қозғаған атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өткізілді.
Алматы облысы Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 30 шілдедегі қаулысы алкоголь өнімдерін жоюға негіз болды.
Сот қаулысына сәйкес, заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-1-бабының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Істі қарау нәтижесінде сот заңды тұлғаға 865 000 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындап, алкоголь өнімдерін тәркілеу және кейіннен жою туралы шешім қабылдады.
Аталған сот актісін орындау мақсатында 2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматы қаласының мемлекеттік сот орындаушысы тиісті атқарушылық іс жүргізуді қозғады.
2026 жылғы 20 қазанда Алматы қаласы, Бурундай тасжолы, 1-шақырым, 1В мекенжайында орналасқан «ЭКО Green» ЖШС аумағында жалпы саны 515 512 бөтелкені құрайтын тәркіленген алкоголь өнімдері жойылды.
Өткізілген іс-шара сот актілерінің міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға бағытталған шаралардың іс жүзінде жүзеге асырылуының нақты нәтижесі болып табылады.
Алматы қаласының Әділет департаменті заңды күшіне енген сот актілерін мүлтіксіз орындау заңдылықты қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті нығайтуға, мемлекет пен қоғамның заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі екенін атап өтеді.
Алматы қаласының Әділет департаменті заңнамада берілген өкілеттіктер шеңберінде сот актілерінің уақтылы, толық әрі тиісінше орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Алматы қаласы Әділет департаментінің баспасөз қызметі









