Су ресурстары және ирригация министрлігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсіміне су ведомствосының басшысы Нұржан Нұржігітов пен ҚазҰУ басқарма төрағасы - ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты.
Меморандум ғылыми-технологиялық, білім беру және сараптамалық әлеуетті біріктіру арқылы Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану және су шаруашылығын тұрақты дамыту мақсатында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына су қорын қорғау және пайдалану саласындағы бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру, кадрлар даярлау, өндірістік практика мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, ақпаратпен, деректермен және тәжірибемен алмасу, сондай-ақ бірлескен тренингтер, семинарлар мен ғылыми мектептер өткізу кіреді.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Құжатқа ҚазҰУ басқарма төрағасы - ректоры Жансейіт Түймебаев пен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла қол қойды.
Келісім ұлттық гидрологиялық болжау жүйесін дамыту және жетілдіру, сондай-ақ Қазақстан аумағында су тасқыны мен құрғақшылыққа дайындық деңгейін арттыру үшін ғылыми және технологиялық әлеуетті біріктіруге бағытталған.
Атап айтқанда, құжатта TALSIM-NG гидрологиялық моделін және Delft-FEWS платформасын Farabi Supercomputer Center суперкомпьютерлік орталығының есептеу қуаттарын пайдалана отырып іске қосу, бейімдеу және сүйемелдеу көзделген. Сондай-ақ су басу мен құрғақшылықты болжау әдістерін жетілдіру, оның ішінде қысқа, орта және маусымдық мерзімдерге арналған болжамдар әзірлеу қарастырылған.
Бұдан бөлек, республика өзендері мен су нысандарында бірлескен далалық зерттеулер ұйымдастыру және жүргізу, Farabi Supercomputer Center суперкомпьютерлік кешенінің есептеу қуаттарын пайдалана отырып, су нысандарының цифрлық егіздерін жасау және дамыту, сондай-ақ гранттық және донорлық қаржыландыруды тарту арқылы бірлескен ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды іске асыру жоспарланған.
ҚазҰУ-ға сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов университеттің инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, Farabi Supercomputer Center суперкомпьютерлік орталығын, жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамытуға арналған Farabi HUB платформасын, сондай-ақ қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану жөніндегі Қазақстан-Қытай зертханасын аралады.
Сондай-ақ су ведомствосының басшысы ҚазҰУ студенттерімен және профессор-оқытушы құрамымен кездесіп, су ресурстарын сақтаудың маңызы туралы айтты.
«Су қауіпсіздігі - жекелеген саланың ғана мәселесі емес. Бұл - елдің дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей қатысты мәселе. Біз су экожүйелерін сақтауды, төтенше жағдайлардың алдын алуды және алдағы жылдарға арналған сенімді басқару жүйесін қалыптастыруды қатар жүзеге асыруымыз керек. Сондықтан бүгін қол қойылған меморандум мен келісім жай ғана ресми құжаттар емес. Олар нақты жұмыс бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, суды тазарту және қайта пайдалану, трансшекаралық су ресурстары, сондай-ақ құрғақшылық жағдайындағы су, энергетика, азық-түлік және экожүйелер арасындағы өзара байланыс мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу көзделген. Студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін бұл ынтымақтастық нақты мүмкіндіктерге жол ашады. Министрлік жыл сайын су саласындағы өзекті міндеттерге қатысты зерттеу тақырыптарын ұсынып, қажетті деректер мен материалдарды алуға жәрдемдеседі», - деді Нұржан Нұржігітов.









