Су ресурстары және ирригация министрлігінде министрдің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаровтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Отырыста 2027-2040 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының жерасты суын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ былтыр қабылданған Су кодексінде көзделген су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарларды әзірлеу мәселелері қаралды.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері талқыланған мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, су ресурстарын басқару тәсілдерін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
«Біз үшін азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл орнату, салалық бастамаларды талқылауға сарапшылар қауымдастығын тарту, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау мәселелері бойынша ашық диалогты дамыту өте маңызды. Кеңес отырыстары мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар олар су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді қарау кезінде қоғамның ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Нұрлан Алдамжаров.









