Алматы қаласы Медеу ауданының Тау Самалы шағынауданында жалпы ұзындығы 80,3 шақырымды құрайтын сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы жалғасуда. Жобаны іске асыру нәтижесінде 6 500-ге жуық тұрғын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі таңда магистральдық желілерді тарту жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді инженерлік желілерге қосу және асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жол жабындысын қалпына келтіруді қоса алғанда, барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар, Медеу ауданында «Таулы Қырат», «Малая станица» және «Атырау» шағынаудандарында сумен жабдықтау және су бұру инженерлік желілерін салу және дамыту жобалары жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, «Таулы Қырат» шағынауданында жалпы ұзындығы 38,1 шақырым инженерлік желі тартылып, 4 200 тұрғын қамтылды. «Малая станица» шағынауданында 4 200 тұрғынды қамтитын 21,4 шақырым желі салынды. Ал «Атырау» шағынауданында 3 100 тұрғынға арналған 29,6 шақырым инженерлік желі жүргізілді.
Қазіргі уақытта Каменское плато шағынауданында жалпы ұзындығы 80,3 шақырымды құрайтын инженерлік желілердің құрылысы жалғасуда.
Төрт жоба аясындағы инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 169,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде 78,4 шақырымы – сумен жабдықтау, ал 91 шақырымы – су бұру желілері.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Медеу ауданының 18 мыңға жуық тұрғыны инженерлік инфрақұрылыммен қамтылады.









