Сауран ауданында Ұстаздар күніне орай «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті. Жиынға аудан әкімдігінің өкілдері, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, қоғамдық ұйым өкілдері мен сала қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Аудан басшысы білім беру сапасын арттыру, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру бағытында педагогтерге маңызды міндет жүктелетінін атап өтіп, сала қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын білдірді.
Салтанатты жиында білім беру саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер марапатталды. Атап айтқанда, педагогтерге Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ бірқатар білім саласының қызметкері аудандық деңгейдегі марапаттар мен аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.
Марапаттау рәсімі барысында Түркістан облысының білім басқармасы, Сауран ауданының білім бөлімі және білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы тарапынан да сала мамандарының еңбегі атап өтілді. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, мектеп оқушылары мен өнерпаздар мерекелік ән-шашуларын ұсынды.






