1 / 4
Қарағанды облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі К. М. Бейсенбеков «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі А. А. Джумальдиновпен бірлесіп, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінің студенттеріне «Адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері: біл, қорға, әрекет ет» тақырыбында дәріс өткізді.
Дәріс барысында студенттер Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметімен, оның негізгі міндеттері мен өкілеттіктерімен, сондай-ақ бұзылған адам құқықтарын қорғау және қалпына келтіру тетіктерімен танысты.
Азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселелеріне, оның ішінде дербес деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын сақтауға және цифрлық ортада адам құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында заңдылықты нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға, заңға құрметпен қарауды және оны сақтауға жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» қағидаты да түсіндірілді.
Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, адам құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тетіктері туралы хабардарлығын арттыруға және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының жастармен өзара іс-қимылын дамытуға ықпал етеді.









