Сыйға алынған пәтерді сату кезінде ЖТС төлеу міндеттемесі қашан туындайды?

    Сыйға алынған пәтерді сату кезінде ЖТС төлеу міндеттемесі қашан туындайды?
    Сыйға алынған жылжымайтын мүлікті сату кезінде жеке тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібін түсіндіреміз.
    Мысалы, азамат 2025 жылы пәтерді сыйға алып, 2026 жылы оны сатуға шешім қабылдады. Мұндай жағдайда жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу міндеттемесі туындай ма?
    Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 382 және 383-баптарына сәйкес, тұрғын жылжымайтын мүлікті сату кезінде салықтық міндеттемелер мүлікке иелік ету мерзіміне және құн өсімінен кірістің болуына байланысты айқындалады.
    Құн өсімінен кіріс қашан туындайды?
    Егер пәтерге меншік құқығы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелсе және пәтер бір жылдан аз уақыт меншікте болса немесе меншік құқығы 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркеліп, пәтер екі жылдан аз уақыт меншікте болса, оны сату кезінде құн өсімінен кіріс туындауы мүмкін.
    Құн өсімінен кіріс сату бағасы мен жылжымайтын мүліктің бастапқы құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
    Өтеусіз алынған пәтерді сату кезінде бастапқы құн Салық кодексінің нормаларына сәйкес айқындалады. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың мүлік салығы салынатын жылжымайтын мүлік үшін меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарындағы мүлік салығын есептеу мақсатында белгіленген бағалау құны қолданылады.
    Нені ескеру қажет?
    Егер мүлікті сату нәтижесінде салық салынатын кіріс туындаса, жеке тұлға ЖТС-ты өз бетінше есептейді, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады және салықты заңнамада белгіленген мерзімде төлейді.
    Бұл ретте салықтық міндеттемелерді айқындау үшін меншік құқығының мемлекеттік тіркелген күнін, жылжымайтын мүліктің түрін және Салық кодексінің қолданылатын нормаларын ескеру қажет.
    Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға жылжымайтын мүлікті сату мәмілесін жоспарлау кезінде салықтық міндеттемелерін алдын ала нақтылауды ұсынады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары