ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Шымкентте тозған шиналарды қайта өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары аяқталды. «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен бөлген қаражаттың арқасында «ЭКО Шина» ЖШС-нің жылдық өндірістік қуаты 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Өндірісті жетілдіруге «Жасыл даму» АҚ 2024 жылғы қыркүйекте 500 млн теңге бөлді. Қаражат толық игеріліп, жаңғыртылған өндіріс іске қосылды.
Кәсіпорын тозған шиналардан резеңке түйіршіктерін өндіреді. Олар балалар алаңдарына арналған жабындар жасауға пайдаланылады. Сондай-ақ кәсіпорында резеңке-техникалық бұйымдар, соның ішінде тығыздағыштар (сальниктер) шығарылады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде кәсіпорынның шиналарды қайта өңдеу қуаты жылына 4 мың тоннаға артып, дайын өнім өндіруге пайдаланылатын қайталама шикізат көлемі ұлғайды.
Еске сала кетейік, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгеге 30 жобаны қаржыландырды. Мұндай жобалар ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, көмуге жіберілетін қалдықтардың көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.









