Ереван, 2026 жылғы 16 қазан
Биологиялық әртүрлілік жөніндегі БҰҰ конференциясы (КС-17) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимовпен кездесті.
Өзбекстан тарапы Қазақстанның киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесіне жоғары баға берді. Кездесу барысында тараптар Өзбекстан аумағына киіктерді қайта жерсіндіру мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылап, практикалық мәселелерді бірлесіп пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.
Азиз Абдухакимов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның аясында қабылданған бастамаларға қолдау білдірді. Өз кезегінде Әлібек Қуантыров аталған бастамаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталғанын, оның ішінде «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы мен ормандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесі болды. Тараптар таза ауаның екі ел үшін де маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорындардан шығатын зиянды шығарындыларды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасты. Сондай-ақ шекаралас өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге келісті.
Министрлер өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінің халықаралық алаңдарда ортақ ұстаным білдіруі бағытында жұмыс жүргізу, сондай-ақ Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қатысуымен Орталық Азияның Қызыл кітабын әзірлеу барысында өңір мамандарының күш-жігерін біріктіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұдан бөлек, тараптар қалдықтарды басқару мәселелерін талқылап, осы саладағы тәжірибе мен озық практикалар алмасуды жалғастыруға келісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.








