Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында өткен «Болашақты қаржыландыру: қаржы ағындарын табиғатқа оң әсер ететін даму мақсаттарымен үйлестіру» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.
Дөңгелек үстелді Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурян мен Танзания Біріккен Республикасының құрамындағы Занзибар Президенті, Революциялық кеңестің төрағасы Хусейн Әли Мвиньи ашты. Одан кейін бірқатар елдердің министрлері сөз сөйледі. Іс-шараға Дүниежүзілік банк тобы модераторлық етті.
Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтауға қаржы ресурстарын жұмылдыру және 2030 жылға қарай осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 200 млрд АҚШ долларын тарту жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізу мәселелерін талқылады.
Әлібек Қуантыров бастаған Қазақстан делегациясының баяндамасы қабылдаушы тараптың өкілі – Армения Президенті Ваагн Хачатурянның қатысуымен өтті.
Министр өз сөзінде табиғи экожүйелердің тұрақтылығы экономикалық орнықтылықтың негізі екенін атап өтіп, биоалуантүрліліктің құндылығын бюджеттік жоспарлау, кредит беру және инвестициялық шешімдер қабылдау барысында ескеру қажеттігіне тоқталды.
Ол Қазақстанның экожүйелік қызметтер үшін төлем жасау тетіктерін қолдану тәжірибесі мен БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан БИОФИН бастамасы туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ Іле өзенінің атырауындағы тоғайлы ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды. Аталған тәжірибе БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Әлем ормандарының жай-күйі – 2026» баяндамасына енгізілген.
Экожүйелерді қалпына келтірудің толық кезеңін – көшет өсіретін тәлімбақтар құрудан бастап, отырғызылған ағаштарға күтім жасау мен мониторинг жүргізуге дейінгі жұмыстарды қаржыландыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сирек кездесетін түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру бастамасын іске асыру аясында министр халықаралық серіктестерді ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар даму банктерімен бірлесіп, «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы аясындағы жобаларды қоса алғанда, өңірлік жобалар портфелін қалыптастыруды ұсынды.
Әлібек Қуантыров Жаһандық экологиялық қорды (ЖЭҚ), Жасыл климат қорын және даму банктерін табиғат қорғау жобаларын қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетуге шақырды. Перспективалы қаржылық құралдар ретінде гранттарды, жеңілдетілген қаржыландыруды, кепілдіктер мен жасыл облигацияларды атап өтті.
Сөз соңында министр Қазақстанның Ереван іс-қимылға шақыру үндеуін қолдайтынын растады.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров биоалуантүрлілікті сақтау және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған COP17 көшбасшылар саммитінің жабылу рәсіміне де қатысты.








