Байзақ ауданында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған Юсуф Ашраповты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебінде ұйымдастырылған шараға аудан басшылығы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен аудан тұрғындары қатысып, ел мерейін асқақтатқан чемпионға құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Олжас Баққараев әлемдік додада топ жарып, Қазақстанның көк туын биікте желбіреткен Юсуф Ашраповты жеңісімен құттықтап, спортшыға арнайы сертификат табыстады. Сонымен қатар оның бапкері Абзал Түлеевке де аудан әкімінің атынан сертификат берілді.
Шара барысында спорт ардагері Әділхан Омаров пен чемпионның бапкері сөз сөйлеп, жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Қазақы дәстүрге сай әлем чемпионының ата-анасына да құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.
Өз кезегінде Юсуф Ашрапов жеңісіне қуанып, арнайы қарсы алып, құрмет көрсеткен барша жерлестеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ спорттағы жетістігіне қолдау білдірген ата-анасына, бапкеріне және жанкүйерлеріне ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, Қазақстанның абыройын асқақтатуға күш салатынын атап өтті.
Мерекелік шараның тағы бір ерекше сәтінде ауыл кәсіпкерлері атынан чемпионға ат мінгізіліп, оның жеңісіне деген зор құрмет пен қолдау көрсетілді.
Юсуф Ашраповтың әлемдік аренадағы жетістігі – бүкіл Байзақ жұртының ортақ мақтанышы. Бұл жеңіс өскелең ұрпаққа жігер беріп, жас спортшыларды биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады. Жерлестері чемпионға алдағы жарыстарда толағай табыс тілеп, ел намысын абыроймен қорғауына сенім білдірді.









