Қазақстан спорттық ату федерациясының төрағасы Берік Асылов Жапонияда өтіп жатқан Азия пара ойындарында алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасовты құттықтады.
Пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа ату сайысында Еркін Ғаббасов 249,1 ұпай жинап, жарыстың жаңа рекордын орнатты. Ол Оңтүстік Корея спортшыларынан басым түсіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Бұл жеңіс Қазақстан қоржынына алтын медаль әкеліп қана қоймай, спортшыға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік берді.
Берік Асылов чемпионды жоғары жетістігімен құттықтап, халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар спортшылардың сапалы дайындалуына қажетті жағдай жасаудың, оның ішінде оларды заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Еркін Ғаббасов Федерация басшысына тұрақты қолдау көрсетіп, спортшыларға көңіл бөліп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол Берік Асыловтың биыл тамыз айында чемпионатқа дайындық қарсаңында табыстаған WALTHER LG500 ITEC BTE кәсіби пневматикалық винтовкасының маңызын ерекше атап өтті.
Заманауи спорттық құрал жаттығу үдерісінде және жауапты халықаралық жарыстарға дайындық барысында маңызды қолдау болды.
Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған. Ал Азия пара ойындарындағы алтын медалі мен жаңа рекорды оның жоғары шеберлігінің, табандылығы мен мақсаткерлігінің айқын дәлелі болды.
Еркін Ғаббасовты, оның жаттықтырушыларын және ұлттық құрама мүшелерін лайықты жеңісімен құттықтаймыз! Қазақстан спортының абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!








