25 қазан – Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі, Республика күні. Бұл күн еліміздің мемлекеттілігін нығайту жолындағы маңызды тарихи оқиғамен, яғни 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануымен тығыз байланысты.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалаған тарихи құжат. Оның қабылдануы еліміздің саяси-құқықтық дербестігін нығайтуға, ұлттық мемлекеттілікті дамытуға және Қазақстанның болашақ тәуелсіздігіне жол ашты.
Декларацияда Қазақстанның аумақтық тұтастығы, азаматтық, мемлекеттік биліктің дербестігі, табиғи ресурстарға иелік ету құқығы және халықаралық қатынастардағы өз орнын айқындау секілді маңызды қағидаттар көрініс тапты. Бұл құжат халықтың өз тағдырын өзі айқындауға деген ұмтылысын білдіріп, егемен ел болудың құқықтық негіздерін қалыптастырды.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осылайша, мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда бекітілген тарихи ұстанымдар еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарды.
2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Бұл шешім 25 қазанның ел тарихындағы ерекше орнын айқындап, мемлекеттілік пен ұлттық бірегейліктің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Бүгінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тұрақты дамуға, экономикалық әлеуетін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Осы мақсаттарға жетуде мемлекеттік органдардың тиімді қызметі, заңдылықты сақтау, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту ерекше маңызға ие.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса отырып, бюджет кірістерінің уақтылы әрі толық түсуін қамтамасыз ету, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.
Республика күні – өткенімізді бағалап, бүгінгі жетістіктерімізді саралайтын және болашаққа деген жауапкершілігімізді сезінетін маңызды мереке. Бұл күн әрбір азаматқа ел бірлігін нығайтуға, ортақ құндылықтарды құрметтеуге және Қазақстанның өркендеуіне өз үлесін қосуға үндейді.
Ұлттық мереке қарсаңында барша отандастарымызға амандық, бақ-береке, бірлік пен еліміздің жарқын болашағына деген сенім тілейміз!








