Қарағанды облысында мүгедектігі бар 5 642 бала тұрады. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекеттік жәрдемақы алады.
Бұл ретте төлем мөлшері баланың жасына және мүгедектік тобына байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, 7 жасқа дейінгі балаларға – 81 871 теңге; 7 жастан 18 жасқа дейінгі I топтағы балаларға – 111 873 теңге; II топтағы балаларға – 93 058 теңге; III топтағы балаларға – 81 871 теңге төленеді. Мүгедектігі бар балаларды күтуге арналған мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 81 871 теңгені құрайды (күнкөріс минимумының 1,61 есесі).
Мүгедектігі бар балалар жеке оңалту бағдарламасымен қамтамасыз етіледі. Өтініш негізінде оларға техникалық оңалту құралдары, арнайы жүріп-тұру құралдары және қажетті гигиеналық құралдар беріледі.
Қазіргі уақытта бұл қызмет түрімен 5 197 бала қамтылған. Оның ішінде 2 823 бала гигиеналық құралдармен, 1 412 бала протездік-ортопедиялық көмекпен, 99 бала арнайы жүріп-тұру құралдарымен, 72 бала тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 60 бала сурдологиялық көмек алған.
Мүгедектігі бар 731 бала санаторий-курорттық ем қабылдаған.
Бұдан бөлек, балаларға «Инватакси» қызметі ұсынылады. Мұндай көмек еліміздің барлық өңірінде қарастырылған және оған қажетті қаражат жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Қазіргі уақытта облыста 251 автокөлік бар, оның 20-сы арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған.
Биыл «Инватакси» қызметін мыңнан астам бала пайдаланған.
Сонымен қатар өткен жылдан бастап Қарағанды қаласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар адамдар мен балаларды ғимараттардың жоғарғы қабаттарына көтеру және төмен түсіру қызметі көрсетіліп келеді. Бүгінде бұл қызметпен 459 бала қамтылған.
Қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді. I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 АЕК мөлшерінде, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 10 АЕК мөлшерінде төлем жасалды.
Аталған төлемдер әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қолданыстағы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылды.
Өңірде мүгедектігі бар балаларға берілген біржолғы әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы шамамен 225 миллион теңгені құрады. Төлем алушылар саны – 5 027 бала.
Сондай-ақ Қарағанды облысында мүгедектігі бар балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға және мінез-құлқын түзетуге бағытталған арнайы әлеуметтік мекемелер жұмыс істейді.
Мәселен, Қарағанды қаласында психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар балаларға арналған 125 орындық орталық бар. Орталық жанындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 45 орындық күндізгі болу бөлімшесі ашылған.
Бұдан бөлек, облыс орталығында 2025 жылдан бастап 125 орындық Аутизм орталығы жұмыс істейді.
Балқаш қаласында тірек-қимыл аппараты бұзылған, аутизм спектрінің бұзылыстары және басқа да менталдық бұзылыстары бар мүгедектігі бар балаларға арналған 30 орындық оңалту орталығы қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар облыста әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл мұндай жұмыстар 292 нысанда қолға алынға






