Жоғары Сот Кеңесінде құрметті отставкаға шығуына байланысты Кеңес жанындағы Сот жюриінің төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы Қайыпжан Нұржан Үсіпханұлын салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды

    1 / 4

    Жоғары Сот Кеңесінде құрметті отставкаға шығуына байланысты Кеңес жанындағы Сот жюриінің төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы Қайыпжан Нұржан Үсіпханұлын салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды

    Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Нұржан Үсіпханұлының сіңірген еңбегін атап өтіп, әділ сот төрелігін жүзеге асыру жолындағы көпжылдық қызметі үшін алғыс білдірді.

    Сот жүйесіндегі 30 жылдық еңбек жолында Нұржан Үсіпханұлы Қайыпжан мол тәжірибе жинақтап, өзін кәсіби біліктілігі жоғары, қағидаттарына берік әрі судьялар корпусында беделге ие тұлға ретінде танытты.

    «Сіздің өмір жолыңыз – заң үстемдігіне адалдықтың, қағидатшылдықтың, парасаттылық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Сіз мол білім мен тәжірибе жинақтап, сот төрелігін дамытуға елеулі үлес қостыңыз және әріптестеріңіздің зор құрметіне ие болдыңыз.

    Жоғары кәсібилігіңіз бен жүйелі ұстанымыңыздың арқасында сот жүйесін дамытуға және қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттыруға қомақты үлес қостыңыз», – деп атап өтті Дмитрий Малахов.

    Нұржан Үсіпханұлы Қайыпжан 2010 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы ретінде сот төрелігін жүзеге асырды. Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің төрағасы болып екі рет сайлануы оның судьялар қауымдастығы тарапынан жоғары сенімге ие болғанын айғақтайды.

    Оның Сот жюриіне басшылық еткен кезеңінде судьялардың істерді қарау барысында заңдылықты өрескел бұзуының барлық фактілерін аталған органның тексеруіне мүмкіндік беретін жаңа тетік әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар тәртіптік практиканың бірізділігін қамтамасыз етуге және судьялардың құқықтарын қорғауға бағытталған тәртіптік материалдарды қарау рәсімдері жетілдірілді.

    Соңғы жылдары келіп түскен материалдардың жартысына жуығы бойынша тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына немесе оның елеусіздігіне байланысты тәртіптік іс жүргізудің тоқтатылғаны назар аудартады. Бұл тәжірибе материалдың келіп түсуі өздігінен тәртіптік жаза қолдануға негіз болмайтынын көрсетеді. Әрбір шешім істің мән-жайларын жан-жақты әрі объективті бағалау негізінде қабылданады.

    Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен Сот жюриінің қызметін жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл бағыттағы негізгі басымдық – тәртіптік теріс қылықтар үшін жауаптылықтың бұлтартпастығы мен өз міндеттерін адал атқаратын судьялардың құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді сақтау, сот билігінің тәуелсіздігін нығайту және қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттыру.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі" жаңалықтары