2026 жылғы 16 қазанда Солтүстік Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы жеке білім беру ұйымдарының басшыларын, құрылтайшыларын және мамандарын біріктіретін «Білім беру» секторы бойынша Қызметтер кеңесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөніндегі жеке ұйымдардың құрылтайшылары мен басшыларына арналған семинар өткізді. Семинарға Солтүстік Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Таласбаева Гүлнар Темірболатқызы және білім беру қызметін мемлекеттік бақылау және лицензиялау бөлімінің басшысы Панарина Марина Анатольевна қатысты.
Семинар барысында 2027 жылғы қаңтардан бастап енгізілетін лицензиялау рәсімі, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының әрбір тармағы бойынша түсіндірмелер берілді. Сондай-ақ талаптарға сәйкестікті алдын ала талдау нәтижесінде анықталған алдағы лицензиялауға байланысты тәуекелдер талқыланды.
Біліктілік талаптары қолданысқа енгізілгенге дейін қалған уақытты құрылтайшылар мен ұйым басшылары мектепке дейінгі ұйымның қызметін аталған талаптарға толық сәйкестендіру үшін тиімді пайдалануы қажет.








