18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір өтетін Азия пара ойындары биыл 45 елінен келген 4 000-ға жуық спортшының басын қосты. Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 спортшы қорғайды.
Ойындардың ашылу салтанаты Нагоя қаласындағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтті. Салтанатты шара аясында қатысушы елдердің ұлттық құрамалары шеру жасап, Қазақстан делегациясы да сап түзеп шықты.
Ашылу рәсімінде Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу мәртебесі — Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2023 жылғы Ханчжоу Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбековке және пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мерекеге бұйырды.
«Осындай ауқымды халықаралық аренада Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу — мен үшін үлкен мәртебе. Кезінде мен де теледидардан өзім сияқты спортшылардың өнер көрсеткенін көріп, спортқа келген едім. Олардың жетістіктері мені жігерлендіріп, спорттағы жолымды бастауға шабыт берді. Бүгінде біз өз еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүрміз. Біздің өнерімізді көрген өзге де жандар паралимпиадалық спортпен айналысуға ынталанып, өз күшіне сеніп, жаңа биіктерді бағындыруға ұмтылады деп үміттенемін», — деді Дастан Мұқашбеков.
V Азия Пара ойындарының ашылу салтанатының басты шығармашылық тұжырымдамасы WABI — We Are Beautiful Individuals («Әрқайсымыз өз даралығымызбен әдеміміз») деп аталды. Бұл идея Аичи өңіріндегі дәстүрлі шай рәсімімен байланысты жапон халқының «ваби» философиясынан бастау алады. Тұжырымдаманың негізгі мәні — әр адамның өзіндік ерекшелігі мен даралығын дәріптеу. Ол мүгедектігіне, ұлтына немесе мәдениетіне қарамастан, адамдардың өзара құрметі мен бірлігі баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыруға жол ашатынын көрсетеді.
«Қазақстан Азия Пара ойындары өз бастауын алғалы тұрақты қатысып келеді. Әр төрт жыл сайын ұлттық құрамамыздың қатары көбейіп келе жатқандығы ерекше қуантады. Мәселен, Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында Қазақстан атынан 131 спортшы сынға түссе, биыл еліміздің намысын 150 спортшы қорғайды. Бұл Қазақстанда паралимпиадалық спорттың жүйелі түрде дамып, мүгедектігі бар спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктердің кеңейіп келе жатқанын айқын белгісі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың маңызы зор. Соның бірі — 2025 жылы заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін тұлғалардың мәртебесі бекітіліп, оларды мемлекет есебінен сүйемелдеу мүмкіндігінің қарастырылуы. Аталған қолдау шараларын жүзеге асыруға 2025–2027 жылдарға тиісті қаржы бөлінген. Биылғы Азия Пара ойындарына ұлттық құрамамен бірге 38 сүйемелдеуші тұлға келді. Мұндай шаралар спортшылардың халықаралық жарыстарға толыққанды қатысуына қажетті жағдай жасап, олардың жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуіне қосымша мүмкіндік береді», — деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Қасқырбаев Марат Дайырұлы.
V Азия Пара ойындарында қазақстандық спортшылар 12 спорт түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара садақ ату, пара велоспорт, волейболды отырып ойнау, бочча және арбадағы теннис.
«Биыл Қазақстан Азия Пара ойындарында арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынап отыр. Бұл — біздің команда үшін тарихи сәт. Елімізде арбадағы теннис енді ғана қарқын алып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Дегенмен осы қысқа уақыт ішінде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Енді міне, Азия Пара ойындарында алғаш рет өнер көрсеткелі отырмыз. Бұл — біз үшін үлкен жетістік әрі жаңа белес. Алдағы уақытта Паралимпиада ойындарына да қатысып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғаймыз деп сенеміз», — деді арбадағы теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Айжан Бутимбаева.
Айта кетейік, V Азия Пара ойындарының бағдарламасына 18 спорт түрі енгізілген. Жалпы 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар 24 қазанға дейін Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласындағы спорт нысандарында өтеді.
Қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін жарыстарды Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.









