ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу: вакцинацияның маңызы және сақтық шаралары

    Жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың маусымдық өршуі кезеңінде аурудың алдын алу шараларын сақтау және уақтылы вакцинациялау ерекше маңызға ие.
    Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңір тұрғындарын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, инфекциялардың таралу қаупін азайтуға бағытталған қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға шақырады.
    ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін:
    * қолды сабынмен үнемі әрі мұқият жуу, қажет болған жағдайда антисептикалық құралдарды пайдалану;
    * үй-жайларды жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу;
    * респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу;
    * сырқаттанушылық деңгейі жоғарылаған кезеңде адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеу;
    * жөтелген немесе түшкірген кезде ауыз бен мұрынды бір реттік майлықпен немесе шынтақтың ішкі жағымен жабу;
    * ауру белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, өзгелермен байланысты шектеу және медициналық көмекке уақтылы жүгіну ұсынылады.
    Тұмаудың алдын алудың ең тиімді арнайы шараларының бірі – вакцинация. Вакцина алу ауруды жұқтыру қаупін және инфекцияның ауыр асқынуларының даму ықтималдығын төмендетуге көмектеседі. Әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және созылмалы аурулары бар азаматтарға тұмауға қарсы екпені уақтылы алу маңызды. Вакцинация алдында медицина қызметкерімен кеңесу қажет.
    Дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағу немесе жалпы әлсіздік байқалса, өзін-өзі емдеуге болмайды. Антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау ұсынылмайды, өйткені олар вирустарға әсер етпейді. Денсаулық жағдайы нашарлаған кезде дәрігерге жүгіну қажет.
    Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, тұмауға қарсы уақтылы вакцинациялау және профилактикалық шараларды сақтау өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды да инфекциядан қорғауға көмектесетінін еске салады.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары