Құс тұмауының алдын алу: Ақмола облысында жедел әрекет ету дайындығы пысықталды

    Біржан сал ауданында жоғары патогенді құс тұмауы мен Ньюкасл ауруының ошағы анықталған жағдайда жедел ден қою және індетке қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мәселелеріне арналған симуляциялық тренинг өтті.
    Іс-шараға санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қызметтердің мамандары қатысып, ауру ошағы анықталған кездегі өзара іс-қимыл алгоритмдерін, жедел ақпарат алмасу тәртібін және профилактикалық, эпидемияға және эпизоотияға қарсы шараларды ұйымдастыру тетіктерін пысықтады.
    Тренинг барысында Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов сөз сөйлеп, құс тұмауының таралуына жол бермеудегі ведомствоаралық үйлесімді жұмыстың маңызын атап өтті.
    Ақмола облысында халық арасында құс тұмауы бойынша жағдай тұрақты, адамдар арасында ауру жағдайлары тіркелген жоқ. Соған қарамастан, санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қызметтер аурудың ықтимал таралуына жедел ден қоюға тұрақты түрде дайындық жұмыстарын жүргізуде.
    «Біртұтас денсаулық» қағидаты шеңберінде қызметтер арасында эпидемиологиялық және эпизоотиялық ахуал туралы ақпарат тұрақты алмасып, бірлескен профилактикалық және індетке қарсы іс-шаралар жүзеге асырылады.
    Департамент жүйесінде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің 20 жасағы жұмыс істейді. Оның құрамында 125 маман бар. Арнайы іс-шараларды өткізуге 23 автокөлік және 4 032 жеке қорғаныш құралы дайындалған.
    Симуляциялық тренингтер төтенше эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдай туындаған кезде қызметтердің бірлескен іс-қимылын жетілдіруге, шешім қабылдау жеделдігін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары