Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті қаладағы ірі өнеркәсіп орындарының қызметімен таныстыруды жалғастыруда. Кезекті баспасөз туры қаланың ең көне кәсіпорындарының бірі – «Шымкентцемент» ЖШС аумағында өтті.
Іс-шараның мақсаты – өндіріс орындарында экологиялық талаптардың сақталуы мен қоршаған ортаға әсерді бақылау жүйесінің жұмысын көпшілікке көрсету.
Бүгінде «Шымкентцемент» зауытында шығарындылар көлемін бақылайтын автоматтандырылған жүйе толық іске қосылған. Аталған жүйе 2022 жылы орнатылып, Қазақстан бойынша цемент саласында алғашқы болып енгізілді.
Кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекшісі Руслан Исабаевтың айтуынша, арнайы датчиктер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Атмосфераға бөлінетін шаң, көміртегі, азот және күкірт оксидтеріне қатысты барлық дерек ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараттық жүйесіне әр 20 минут сайын онлайн режимде жолданып отырады.
Бұл – өндіріс орнының ашықтығын және экологиялық жауапкершілігін қамтамасыз ететін маңызды қадам. Жүйе кез келген ауытқуды дер кезінде анықтап, тиісті шара қабылдауға мүмкіндік береді.
– Кәсіпорын өз қызметін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүзеге асырады. Автоматтандырылған жүйе тәулік бойы жұмыс істейді. Егер шекті көрсеткіштен ауытқу тіркелсе, ақпарат бірден уәкілетті органдарға түседі. Мұндай тәсіл экологиялық қауіпсіздікті күшейте түседі, – деді Руслан Исабаев.
Айта кетейік, «Шымкентцемент» ЖШС 1958 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынның аумағы 40 гектарды құрайды, жобалық қуаты жылына 1 млн 300 мың тонна цемент. Қазір зауытта 250 адам еңбек етсе, мердігер ұйымдарда тағы 250-ге жуық азамат жұмыспен қамтылған.
Өз кезегінде Шымкент қаласы Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Кұлтілеуов қалада қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы төрт ірі кәсіпорында автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған. Заңнамаға сәйкес, жылына 500 тоннадан астам шығарындысы бар кәсіпорындарға мұндай жүйені енгізу міндеттелген.
– Бұл – қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі. Ірі өндіріс орындарының қызметі тұрақты бақылауда. Алдағы уақытта мұндай жүйелерді енгізген кәсіпорындар санын арттыру жоспарлануда, – деді Дүйсен Кұлтілеуов.
Мамандардың айтуынша, зауыттағы бақылау жүйесі өндірістік шығарындының нақты көлемін көрсетсе, қала ауасының сапасы автокөлік, құрылыс және басқа да факторларды ескере отырып, кешенді түрде бағаланады. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.








