1 / 19
КӨКПАРШЫЛАРМЕН КЕЛЕЛІ КЕҢЕС ӨТТІ
«Ерте кезден-ақ азаматы мен қазанаты қатар сыналатын көкпар аламанын бүгінде кім қалай өткізіп жүр? Көрермендер мен қатысушылардың қауіпсіздігі сақталған ба? Ұлттық ат спортының бүгінгі жай-күйі мен дамуы қандай?» деген сұрақтар төңірегіндегі ұсыныс-пікірлерді кеңінен талқылау, жаппай көкпар мен командалық көкпардың ережелерін түсіндіру, көкпарды арнайы, заңды белгіленген жерлерде өткізу, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Ұлттық спорт клубы» мекемесінің басшысы Ерлан Райымбердиев пен «Командалық көкпар» федерациясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Сабыр Айбеков, ардагер шабандоздар мен атбегілер, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен көкпар төрешілері қатысты.
Алқалы жиында жауаптылар тарапынан аудан аумағында көкпар өткізу үшін Жаңа ауыл ауылдық округі аумағындағы «Жексенбай ата», Қызылқұм ауылдық округі аумағындағы «Қарасақал», Атамекен ауылдық округі аумағындағы «Шора молда» және Мақталы ауылдық округі аумағындағы көкпар алаңдары белгіленгенін, әрбір ат шаптырып, көкпар беруші азаматтар жергілікті әкімдіктерден келісім алулары керек екенін ескертті. Көкпар берушіге алаңның тазалығын сақтау міндеттелді. Қатысушылар ұлттық спорттың дәстүрлі сипатын сақтай отырып, оны ұйымдастыру мәдениетін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Бұл талаптар көкпар додаларының ретімен өтуіне, қоршаған ортаның тазалығына және қоғамдық тәртіптің сақталуына бағытталған.
Қатысушылар тарапынан атшабарлардың санын көбейту, көкпар алаңының тазалығы мен күтімін, қауіпсіздік шараларын бірігіп атқару ұсыныстары айтылды. Көкпар маусымының басталуына бата жасасып, елдің ынтымағы мен бірлігін тілеп тарқасты.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі









